Президент Халықаралық стандарттау ұйымының Бас хатшысын қабылдады

17.10.2025 16:56

Серхио Мухика халықаралық стандарттарды енгізуге әзір екенін атап өтті

Ақорда

Мемлекет басшысы Халықаралық стандарттау ұйымының (ISO) Бас хатшысы Серхио Мухиканы қабылдады, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Қасым-Жомарт Тоқаев мейманға ілтипат білдіріп, Халықаралық стандарттау ұйымы жаһандық сауда, инновация мен орнықты дамудың негізін қалыптастыратын беделді институт екеніне тоқталды.

«Президент Қазақстанның ISO-мен бірге цифрлық трансформация, орнықты даму және цифрландыру секілді салаларда бірлескен жобаларды іске асыруға әлеуеті мол екенін жеткізді», - делінген хабарламада.

Бас хатшы Серхио Мухика ұлттық стандарттау жүйесі мен цифрлық технологияны дамыту бағытындағы Қазақстанның күш-жігерін жоғары бағалап, еліміздің ұйым қызметіне белсенді қатысатынын және халықаралық стандарттарды енгізуге әзір екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Серхио Мухика табысты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және бірлескен жұмыстардың жаңа бағыттарын дамытуға өзара ниет танытты.

Оқи отырыңыз: Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Қазақстанға келеді