Президент Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кириллмен кездесу өткізді

17.09.2025 11:00

Президент бүгінгі кездесу Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты тереңдету жолындағы тағы бір маңызды қадам екенін атап өтті

Ақорда

Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне қатысу үшін Астанаға келген Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кириллмен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент бүгінгі кездесу Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты тереңдету жолындағы тағы бір маңызды қадам екенін атап өтті.

"Ең алдымен, Съезге арнайы келгеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздің бұл жиынға қатысуыңыз, шын мәнінде, форумның табысты өту тұрғысынан маңызды. Біз Сізді құрметтейміз. Өзіңізге мәлім, Қазақстан мен Ресей — стратегиялық серіктес, одақтас елдер", — деді Мемлекет басшысы.

Патриарх Кирилл Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, Орыс православие шіркеуінің миссиясы халықтар арасындағы бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайту екенін мәлімдеді.

"Қасиетті Қазақстанға келу мені әрдайым қуантады. Бұл біздің достас еліміз. Ғасырлар бойы қатар өмір сүріп келеміз. Қазір мемлекеттеріміз бөлек болғанымен, достық, өзара қолдау және ынтымақтастық тінін берік жалғап отырмыз", — деді Мәскеу Патриархатының басшысы.

Оқи отырыңыз: Өткен айда жылдық инфляция 12,2 пайызға жетті