Кездесудің басында Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде көрсетілген жылы қарсы алу мен құрмет үшін ризашылығын білдірді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Мәскеуге барып, Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті. Келіссөз барысында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды нығайту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кездесудің басында Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде көрсетілген жылы қарсы алу мен құрмет үшін ризашылығын білдірді.
«Мәскеуге табаным тиген сәттен бастап көрсетілген ерекше сый-құрмет үшін ризашылығымды білдіремін. Ресей астанасындағы ыстық ықылас мені қатты таңғалдырды әрі қуантты», — деді Мемлекет басшысы.
Президент сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың барлық бағытта қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
«Екіжақты ынтымақтастық стратегиялық серіктестік, одақтастық қатынастар сипатына ие. Мемлекеттеріміз арасында ешқандай түйткіл жоқ. Қандай да бір мәселе туындаса, ол президенттер мен үкіметтер күш-жігерінің арқасында шешіледі», — деді Тоқаев.
Владимир Путин Тоқаевтың мемлекеттік сапармен келуін жоғары бағалап, екі ел арасындағы тұрақты байланыс пен диалогтың маңызын атап өтті.
«Сізге уақыт тауып, мемлекеттік сапармен келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Біз ұдайы байланыстамыз, дегенмен мұндай протоколдық кездесулер де мемлекетаралық қатынаста маңызды», — деді Путин.
Ресей Президентінің айтуынша, тараптар бейресми жағдайда барлық өзекті мәселелерді талқылайды, ал келесі күні әріптестермен бірге екіжақты күн тәртібін қарастырып, перспективалы бағыттарды айқындайды.
«Жалпы алғанда, біз осы жылды жақсы нәтижелермен аяқтаймыз және таяу келешекке арналған жоспарды орындаймыз деп ойлаймын», — деп қорытындылады Путин.
Оқи отырыңыз: Мәскеуде «Қазақстан мен Ресей достығы» сквері ашылды