Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы 28–29 мамыр күндері Астанада өтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Президент сөзін қорытындылай келе, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің алдында салмақты әрі теңгерімді шешімдер мен үйлесімді әрекеттерді талап ететін күрделі міндеттер тұрғанына назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық ету миссиясы Қазақстан Республикасына өтетінін еске салды. Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз бірлестік аясындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, жаңа нәтижелерге қол жеткізуге және мүше елдердің игілігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізуге ниетті.
Сондай-ақ Президент ұйымға төрағалық ету міндетін табысты атқарғаны үшін Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкоға алғыс білдірді.
Жиын қорытындысы бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың одан әрі дамуына бағытталған бірқатар құжат қабылданды.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы: «Биыл ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің жиынтық ІЖӨ көлемі 2 пайызға ұлғаймақ»