Су қауіпсіздігі - Орталық Азия елдері үшін аса маңызды мәселе

22.04.2026 19:37

Шетелдік сарапшылар да экологияға бей-жай қарауды тоқтату қажет екенін айтты

Астанада Халықаралық су ұйымын құру мәселесіне арналған халықаралық консультациялар өтеді. Бүгінгі Экологиялық саммит аясында осы бастаманы талқылайтын консультациялардың алғашқы кезеңі ұйымдастырылмақ. Себебі су тіршілік нәрі, әрі қазір ең өзекті жаһандық мәселелердің біріне айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев басқосуда бұл тақырыпқа арнайы тоқталып, су ресурстарын тиімді басқарудың маңызын атап өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Су қауіпсіздігі Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия елдері үшін аса маңызды мәселе. Мемлекет басшысы саммит барысында бұл бағыттың стратегиялық мәніне ерекше тоқталды. Президенттің айтуынша, болашақтың тұрақтылығы ең алдымен су ресурстарын қаншалықты тиімді пайдалана білуімізге тікелей байланысты болмақ. Осы орайда ол Каспий мен Арал теңіздерінің жағдайына алаңдаушылық білдірді.

«Теңіз айдынын қорғау аймақта экологиялық тепе-теңдік пен биоалуантүрлілікті сақтау, орнықты дамуды қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша маңызды.  Осы орайда Қазақстан Каспий теңізінің тартылуына жол бермеу үшін мемлекетаралық бағдарлама қабылдау жөнінде бастама көтерді, Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын құруға ұйытқы болды. Аталған мекеме өңірлік деңгейдегі ғылыми ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді. Барша мүдделі халықаралық тараптарды табиғаттың осынау асыл қазынасын сақтау жолында күш-жігер біріктіруге шақырамыз. Каспий маңында қарулы күштердің қолданылуына жол беруге болмайды. Оған қатаң тыйым салынуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Шетелдік сарапшылар да экологияға бей-жай қарауды тоқтату қажет екенін айтады. Олардың пікірінше, Арал теңізінің жағдайы бүгінде ірі экологиялық мәселеге айналған. Мамандар бұл апаттың адам қолымен жасалғанын атап өтті. Сарапшылардың сөзінше, мұндай күрделі мәселелерді шешу үшін әрекетті бүгіннен бастау қажет.

«Бұл өте маңызды. Неге? Өйткені қазір тек Өзбекстанда емес, бүкіл Орталық Азия елдерінде экологиялық мәселелерге тап болып отырмыз. Соның ең үлкендерінің бірі – Арал апаты. Осындай мәселелерді шешу үшін әрекет етуіміз керек. Ол үшін бізге жаңа технологиялар қажет. Қандай технология? Олар экологиялық таза және суды үнемдейтін болуы тиіс. Себебі суды үнемдеу технологияларын қолдану арқылы біз Арал мәселесімен күресе аламыз», – деді жоба үйлестірушісі Азиз Нұрбеков.

Жиында ірі өнеркәсіптік және «жасыл» жобаларды қаржыландыруға бағытталған инвестициялық келісімдерге қол қойылады. Олардың қатарында Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Италия Республикасының Қоршаған орта және энергетикалық қауіпсіздік министрлігі арасындағы меморандум бар. Бұл құжат экология және климаттың өзгеруі саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, жасыл технологияларды енгізуге және өзге де тиімді шешімдерді ілгерілетуге негіз болады деп күтілуде. Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» және Энергетика министрлігінің қатысуымен жаңартылатын энергия көздерін дамытуға қатысты бастамаларды қамтитын стратегиялық құжаттар да рәсімделеді.

«Еуропа қайта құру және даму банкімен меморандумға қол қойылады. Қытай Халық Республикасымен үкіметаралық келісім аясындағы қуаттылығы 500 МВт болатын Қарағандыдағы жергілікті станциясын құруға бағытталған инвестициялық келісімшартқа қол қоямыз», – деді ҚР Энергетика министрлігі жаңартылатын энергия көздері департаментінің директоры Әлімжан Тұрар.

Айта кеттейік,  халықаралық іс-шара 22–24 сәуір аралығында өтеді. Бұл жиынға Әлемнің 30 елінен 300-ден астам компания, 1500-ден астам делегат және 20 000-нан астам келуші қатысуда.

Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Мәслихат депутаттары сайлаушылар алдында есеп беруге міндеттелуі мүмкін