Таза энергия және атом саласы: Қазақстан мен Жапония әріптестікті кеңейтпек

20.12.2025 10:39

Қазақстан табиғи байлықты энергия көзі ретінде пайдалану үшін озық технологияларды тартуға ниетті

 

Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Жапония» диалогының бірінші саммитінде «Таза» энергетика мәселесі туралы айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Қазақстан дәстүрлі қуат көзін игеру және өңдеу жобаларына жапон тәжірибесін, инновациясы мен инвестициясын тартуға мүдделі екенін айтты. 

«Таза» энергетиканың дамуын ұзақ мерзімді стратегиялық басымдық ретінде қарастырамыз. Еліміз «жасыл» технологияларды қолдана отырып, дәстүрлі қуат көзін игеру және өңдеу жобаларына жапон тәжірибесін, инновациясы мен инвестициясын тартуға мүдделі. Геосаяси тұрақсыздық пен қуат көздеріне сұраныс ұдайы артып келе жатқан жағдайда әлем экономикасының орнықты дамуын қамтамасыз ететін көмірсутегі ресурстары айрықша маңызға ие. Біз теңгерімді әрі әділ энергетикалық жүйеге ауысу қажет деген ұстанымды қолдаймыз.

Қазақстан көмір өндірісі бойынша әлемдегі он үздік елдің қатарына кіреді. Көмір еліміздің энергетикалық балансының шамамен 70 пайызын құрайды. Сондықтан осы табиғи байлығымызды қуатты энергия көзі ретінде пайдалану үшін ең озық технологияларды тартуға бейілміз», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанның ресурс әлеуетін Жапонияның атом энергетикасы саласындағы үздік технологияларымен ұштастыру тың мүмкіндіктерге жол ашады.

«Ядролық энергетиканың «жасыл» экономика күн тәртібіндегі мәні зор. Әлемдегі ядролық отынның шамамен 40 пайызын Қазақстан қамтамасыз етеді. Дүниежүзіндегі электр энергиясының 10 пайызға жуығын атом электр станциялары өндіретінін ескерсек, бұл өте маңызды.

Қазақстанның ресурс әлеуетін Жапонияның атом энергетикасы саласындағы үздік технологияларымен ұштастыру осы стратегиялық саладағы тың мүмкіндіктерге, соның ішінде инновацияларды енгізуге жол ашады. Әсіресе, ядролық қалдықтарды басқару, ядролық қауіпсіздік, азаматтық қорғаныс салаларына жоғары санатты маман даярлау бағытындағы жобалар қызығушылық тудырады»,- деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан Жапониямен бірлескен Next-Generation SmartMining Plus жобасының іске қосылуын құптайтынын айтты.

«Орталық Азияда сирек кездесетін элементтер мен өзге де аса маңызды минералдардың мол қоры бар. Бұл әлемнің жаңа энергетикалық жүйеге көшуіне қажетті ресурс саналады. Өңіріміз таза әрі қуат үнемдейтін өндірістерді аталған ресурстармен қамтамасыз ете алады.

Қазақстан Жапониямен қазба байлықтарды барлау, өндіру және өңдеу ісі бойынша ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі. Бұл ретте терең өңдеуге және орнықты өндіріс тізбегін қалыптастыруға ден қоя отырып, толыққанды өнеркәсіп кластерін құруға басымдық береміз. Сондықтан Қазақстан Жапониямен бірлескен Next-Generation SmartMining Plus жобасының іске қосылуын құптайды. Бұл бастама өндіріс үдерісін цифрландырып, экологиялық орнықтылықты арттырады», - деп тоқталды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқи отырыңыз: Жапония Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге қатысады