Тоқаев: Каспий арқылы жүк тасымалы 2040 жылға қарай төрт есеге артуы мүмкін

08.10.2026 14:14

Қазақстанның көлік инфрақұрылымы өңірдің транзиттік рөлін күшейтеді

Ақорда

Мемлекет басшысы Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIIІ Консультативтік кездесуі барысында сөйлеген сөзінде аймақтағы елдердің шекара маңында құрылған сауда-логистика кешендері мен өнеркәсіп кооперациясы орталықтары мол мүмкіндікке жол ашатынын атап өтті,  деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Қосылған құнның өңірлік тізбегін құру үшін жақын арада оларды бір-бірімен байланыстыру қажет. Жалпы, елдерімізде инвестиция, энергетика, өндіріс салалары мен басқа да стратегиялық бағыттарда өзара ықпалдастыққа жағдай жасалған, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан көлік инфрақұрылымын дәйекті түрде дамытып келеді. Бұл өңірлік қарым-қатынас аясын кеңейтеді.

– Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерінің құрылысы аяқталуға таяу. Келесі жылы Бақты – Аягөз бағыты ашылады. Бұл – өте маңызды, тіпті стратегиялық сипаты бар бағдарлар. Қытайды Каспий теңізімен және Еуропа нарығымен байланыстыратын Арал – Каспий магистралінің құрылысы басталды. Қазақстанның көлік инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңғырту тұтас аймақтың транзиттік рөлін күшейте түсетініне сенімдімін. Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға баса мән беріледі. Соңғы жылдардың динамикасы Орта дәлізге сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Ресеймен ынтымақтастық тұрғысынан Солтүстік – Оңтүстік бағыты да Қазақстан үшін өзекті, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент Дүниежүзілік банктің бағалауынша, жоспарланған инфрақұрылымдық міндеттер толық жүзеге асырылса, 2040 жылға қарай Каспий арқылы жүк тасымалы төрт есе ұлғаятынын айтты.

– Орта дәлізді TRIPP көлік бастамасымен ұштастыру мәселесін сарапшылар деңгейінде талқылауға болады деп ойлаймын. Бұл жоба әлеуетімізді арттырады әрі барлық мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесіне сай келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, су проблематикасы – Орталық Азия тұрақтылығына қатер төндіретін басты сынақтардың бірі.

– Алдымызда трансшекаралық су ресурстарын басқарудың тың тәсілдерін әзірлеу міндеті тұр. Бұл жұмыста өзара құрмет, теңқұқылық қағидаттары негізге алынып, аймақтағы барлық елдің мүддесі ескерілуі керек. Орталық Азияның су пайдалану бойынша негіздемелік конвенциясын қабылдау ынтымақтастықтың жаңа өңірлік архитектурасын қалыптастыратын алғашқы қадам болар еді. Құжат жобасы тараптардың қарауына ұсынылды. БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасы өте өзекті. Оны халықаралық, атап айтқанда, Орталық Азияның ортақ ұстанымы ретінде бірге ілгерілету су ресурстарын басқарудың жаһандық жүйесіне қосқан үлесіміз болмақ, – деді Президент.

Оқи отырыңыз: Президент Орталық Азия мен Әзербайжан ынтымақтастығының негізгі бағыттарын атады

Толық көрсету