ЮНЕСКО-мен байланысымызды одан ары дамытуға мүдделіміз — Мемлекет басшысы

Мемлекет басшысы ұлтымыздың материалдық емес мәдени мұраларын дәріптеу бағытында да ауқымды жұмыс істелгенін айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан ЮНЕСКО-мен байланысын одан ары дамытуға мүдделі. Бұл туралы елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан «Алтын Орда — дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты Халықаралық симпозиумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

«Бұл – ұлт жылнамасы мен әлем тарихы үшін өте маңызды мәселе. Біз халықаралық ғылым қауымдастығымен бірлесе отырып, осы тақырыпты жүйелі әрі жан-жақты зерделеу жұмысын жалғастыруымыз керек. Бірнеше күнге созылатын іс-шараның негізгі мақсаты да – осы. Бұл тұста Қазақстанның бастамасына қолдау көрсеткені үшін ЮНЕСКО басшылығына ризашылығымды айтқым келеді.  Бұл форумға қатысып отырған ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры Одрэ Азуле ханымға алғысымды айтамын. Сіз Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы әріптестікті нығайтуға мол үлес қостыңыз. Симпозиумның осындай беделді жаһандық ұйым аясында өтуі Алтын Орда мұрасының әлемдік ауқымдағы мән-мағынасы зор екенін көрсетеді. 
Бүгінгі жиынға ЮНЕСКО-ның жоғары деңгейдегі өкілі, Бүкіләлемдік мұралар орталығының директоры Элунду Ассомо Лазар мырза бастаған делегация қатысып отыр. 
Жалпы, еліміз ЮНЕСКО-ның қолдауымен көптеген маңызды жобаны жүзеге асырды. Нақты айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы тас петроглифтері, сондай-ақ бірнеше көне қала бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді. Сонымен қатар ұлтымыздың материалдық емес мәдени мұраларын дәріптеу бағытында ауқымды жұмыс жүргізілді.
 
Мәселен, былтыр ғана «Хандар шежіресі» деп аталатын бірегей қолжазба әлемдік деңгейде мойындалды. Бұл – ел билеген тұлғалар туралы мәліметтерді топтастырған, соның ішінде Алтын Орда кезеңін қамтыған құнды құжат. Сондықтан біз байланысымызды одан әрі дамытуға мүдделіміз. Бұл – өзара тиімді, маңызды шаруа», — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Алтын Орда тарихын әлемдік жылнаманың күрделі, сан салалы кезеңі ретінде қарастыратынын атап өтті. 

«Өйткені бұған атүсті қарауға болмайды. Олай болған жағдайда әлемдік тарихтағы осындай бірегей құбылысқа қатысты ұстаным өзгереді. Ал ол мемлекеттер мен халықтар арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіруі мүмкін. Өкінішке қарай, әлемдік маңызы бар ірі тарихи оқиғаларды бұрмалаған мысалдар қазір де кездеседі. Геосаяси ахуал құбылып тұрған бүгінгідей заманда соғыстардың қасіретті хронологиясына байланып қалмай, адамзат тарихындағы жасампаз кезеңдер мен диалог алаңдарының нәтижелі сәттеріне мән берген жөн. Әлбетте, бұл оңай міндет емес. Себебі тарлан тарихтың бағзы дәуірлерден бастап қазіргі дейінгі шежіресінде соғыстар мен қарулы қақтығыстар өте көп кездеседі.  Мұндай көріністің қалыптасуы да түсінікті: бейбіт күндегі күйбең тіршілікті сипаттағаннан гөрі қан майдандағы бітіспес ұрыстарды жазған әлдеқайда жеңіл. Айтпақшы, Лев Толстойдың атақты «Соғыс және бейбітшілік» романы – бейбітшілікті емес, соғысты егжей-тегжейлі суреттеген шығарма.   
Әлемдік қоғамдастық тарихи жолайрықта тұр. Өркениетті таңдау алдындағы сындарлы сәтте ортақ тарихымызды халықтарды біріктіретін фактор ретінде ұсыну үшін беделді, кәсіби ғалымдардың күшін бір арнаға тоғыстырған дұрыс», — дед Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Президент: Алтын Орда жылнамасы — адамзатқа ортақ тарих

Новости партнеров