Анкарада Тоқаевты қарсы алу рәсімі өтіп, келіссөз басталды

28.10.2026 21:43
Ақорда

Түркия Республикасына ресми сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаевты Анкарадағы Президент сарайында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Бұл туралы Ақорда мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мемлекет басшысының келуіне орай Құрмет қарауылы сап түзеді. Сарайға келген сәтте Президент кортежін салт атты гвардия бастап жүрді.

Қасым-Жомарт Тоқаевты Режеп Тайип Ердоған қарсы алды. Қазақстан мен Түркияның мемлекеттік әнұрандары орындалып, зеңбіректен 21 дүркін оқ атылды.

Екі елдің көшбасшылары Құрмет қарауылы алдынан жүріп өтіп, бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. 

Содан кейін мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Оқи отырыңыз: Президент пен Режеп Тайип Ердоған әуежай залында аз-кем әңгімелесті

Толық көрсету