Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді

25.05.2026 11:20

Мемлекеттер басшылары еуразиялық интеграция аясындағы ірі халықаралық жиындарға қатысады

Depositphotos

Мамыр айының соңында елордамызда маңызды халықаралық және интеграциялық іс-шаралар өтеді. Жоспар бойынша, 27-29 мамыр аралығында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен келеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv телеарнасының тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоғары деңгейде өтетін келіссөздер барысында қос мемлекеттің басшылары Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды нығайтудың қазіргі жай-күйі мен болашағын талқылайды деп күтілуде. 

Екіжақты кездесулерден бөлек, мемлекеттер басшылары еуразиялық интеграция аясындағы ірі халықаралық жиындарға қатысады.

Нақты айтқанда, 28 мамыр күні Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен Еуразиялық экономикалық форум өтеді. Ал 29 мамырда елордада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы ұйымдастырылады.

Оқи отырыңыз: Тоқаев Юрико Коикэні І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады