Жаңа облыстардың құрылуы өңірлердің дамуына оң әсер етеді - Жанна Кәрімова

Жаңа облыстардың құрылуы өңірлердің дамуына оң әсер етеді - Жанна Кәрімова
Айтуынша, мұндай қайта құрулардың тарихи және белгілі бір дәрежеде қасиетті мәнімен қатар, жаңа аймақтардың қалыптасуы өңірлік дамуға оң әсерін тигізуге де әлеуеті бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаңа әкімшілік-аумақтық бірліктерді енгізу – өңірлік дамудағы диспропорциялардың жағымсыз салдарын еңсеруге жасалған қадам. Мұндай пікірді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтанулық зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Жанна Кәрімова білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев жаңа әкімшілік-аумақтық құрылымдарды жариялады. Осылайша, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы аумағының бір бөлігі орталығы Семей қаласында болатын Абай облысына біріктіріледі. Қазіргі Қарағанды облысының аумағында орталығы Жезқазған қаласы болатын Ұлытау облысы құрылады. Алматы облысы екі дербес әкімшілік-аумақтық бірлікке – орталығы Талдықорған қаласында орналасқан Жетісу облысы және орталығы Қапшағай қаласы болатын Алматы облысына бөлінеді», - деп айтты ҚазАқпаратқа берген сұхбатында.

Айтуынша, мұндай қайта құрулардың тарихи және белгілі бір дәрежеде қасиетті мәнімен қатар, жаңа аймақтардың қалыптасуы өңірлік дамуға оң әсерін тигізуге де әлеуеті бар.

«Баршамыз білетіндей, Қарағанды облысының қазіргі Ұлытау ауданының аумағында 2 моноқала – Жезқазған және Сәтбаев орналасқан. Облыс орталығына айналуы тиіс Жезқазған қаласында 2015-2020 жылдар аралығында халықтың табиғи өсімінің төмендеуі, көші-қон шығынының артуы байқалды. Сонымен қатар, 2016 жылдан 2018 жылға дейін ажырасу санының бір мезгілде өсуімен некеге тұру санының айтарлықтай төмендеуі байқалды. Елдің моноқалаларында орта есеппен некелердің 50%-ға жуығы ажырасумен аяқталады. Ал бұл жерде ажырасуға әлеуметтік-экономикалық фактордың ықпалын жоққа шығаруға болмайды. Қаланың облыс орталығына айналуы Жезқазған қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға оң әсерін тигізуі мүмкін. Сәтбаев қаласының да дамуына серпін беруі керек»,- дейді спикер.

Сонымен қатар ол Қарағанды облысы аумағы жағынан республикадағы ең үлкен аймақ екенін тілге тиек етті. Елді мекендер арасындағы қашықтықтың үлкен болуы, әрине, аймақты басқаруды қиындатады.

«Қазіргі Алматы облысының шегінде қайта бөлу халық саны мен тығыздығы бойынша аумақтарды теңестіреді. Бұл өңірлер тұрғындарын білім, денсаулық сақтау және мәдениет салаларындағы базалық игіліктермен қамтамасыз ету деңгейіне оң әсер етуі тиіс. Бүгінгі таңда бұл салалардағы диспропорциялар айтарлықтай маңызды болып отыр. Мәселен, өңірлер жағдайында 1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту Алматы қаласында 13,9%-дан Түркістан облысында 68,0%-ға дейін ауытқиды. 10 мың адамға шаққандағы барлық мамандықтағы дәрігерлер саны бойынша өңірлер тұрғысындағы ең жоғары және ең төменгі мәндер арасындағы айырмашылық 3,3 есе, ауруханалық төсек саны бойынша – 2 есе. Ауруханалар санындағы айырмашылық 1 мың адамға шаққанда 2,9 есеге, театрлар бойынша – 9 есеге дейін жетеді», - деді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтанулық зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Жанна Кәрімова.

Новости партнеров