Сонымен қатар ол депутаттар саны қысқарып, санға емес, сапа мән берілетінін тілге тиек етті
Қазақстан студенттері альянсының атқарушы директоры Азат Теңгебаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жаңа Жолдауында айтқан саяси реформаларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Мемлекет басшысының «Қайғылы қаңтардан» кейінгі Қазақстан халқына Жолдауы жаңа серпін мен сенім берді. Бұл Жолдау - Жаңа Қазақстанды құрудағы ең үлкен бетбұрыс. Экономикалық және саяси өзгерістермен қатар еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымында да бірқатар жаңашылдықтар болмақ. Жаңа Қазақстанды құруда еліміздің дарынды да еңбекқор жастарының мәртебесі жаңа деңгейге көтерілді», - дейді Азат Теңгебаев ҚазАқпаратқа берген сұхбатында.
Сонымен қатар, ол депутаттар саны қысқарып, санға емес, сапа мән берілетінін тілге тиек етті.
«Президенттің өкілеттігі қысқарып, Парламентке басымдық беріледі. Бұл - дамыған елдердің тәжірибесі. Депутаттар саны қысқарып, санға емес, сапалық құрамға мән беріледі. Сайлау жүйесінде де елеулі өзгерістер болады, партия ұйымдарын тіркеу процесі қысқарады. Елде ұлттық кеңестің орнына құрылтай құрылады. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі қайта құрылып, жергілікті мәслихаттардың рөлі күшейеді. Жолдауда бәрі айтылды, енді оны сәтті жүзеге асыру керек. Жаңа Қазақстан үшін. Жаңа бастамалар үшін біз біргеміз», - дейді Қазақстан студенттері альянсының атқарушы директоры Азат Теңгебаев.