«Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейіржан Отыншиев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Тәуелсіз еліміздің даму жолындағы көрініс тапқан Жолдауында алдағы басым бағыттар мен негізгі мақсаттарды айқындады.
Ең алдымен, адам әлеуетін арттыруға арналған Жолдауда 7 бағытқа баса назар аударылып, 5 маңызды бастама көтерілді.
Дәлірек айтқанда, мемлекет тарапынан азық-түлік бағасын бақылау, минималды жалақы мөлшерін 60 мың теңгеге ұлғайту, зейнетақы қорындағы қаражатты «Отбасы банк» арқылы аударым жасап, баспаналы болуға мүмкіндік беру – барлығы әрбір тұрғынның өмір сүру деңгейін көтеруге арналған.
Ел Президенті қойған міндеттер «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі Сайлауалды бағдарламасының бағыттарымен үйлесіп, жекелеген тұстарын толықтырып отыр. Біз бұл мақсат-міндеттерге Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз ете отырып қол жеткізе аламыз.
Нақты істер партиясының жоспарлары – халықтың қажеттіліктерінен шығып, көмек көрсетумен қатарлас. Осы ретте халықпен билік арасындағы көпір саналатын партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінде сұрақтарды шешудің негізгі тетігі орналасқан. Ал Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізіндегі бұл Жолдауда барлық көтерілген мәселелердің шешу жолдары нақты анықталған.
Осы орайда, Жолдаудағы жаңа міндеттерді жүзеге асыруға Алматы қаласының қосар үлесі де ерекше болмақ. Мемлекет басшысы айтқандай, республика бойынша мектептердегі орын тапшылығы 225 мың орынды құрайды. Бұл ретте партияның жаңа мектептер ашу және жұмыс істеп тұрған мектептерге жапсарлас құрылыстар салу есебінен оқушы орындарының тапшылығын төмендетудің айқын жоспары – «Nur Otan»-ның Жол картасы бар. Ол деген 2025 жылға дейін Алматы қаласы бойынша жалпы 30 000-нан астам оқушыға арналған 15 мектеп пен 25 мектепке жапсарлас құрылыс салуды білдіреді. Біз бұл және басқа да көрсеткіштерге партиялық бақылауды Кеңестер мен фракция депутаттарының жұмысын күшейту арқылы қол жеткізуге барымызды саламыз.
«Nur Otan» партиясының Алматы қалалық филиалы, өз кезегінде, әр алматылықтың лайықты өмір сүруі үшін жағдай жасап, Ел Президентінің Жолдауында қойылған міндеттердің үдесінен шығу үшін белсенді әрекетпен жұмыла кірісетін болады. Партияластар осындай сын сағатта үнемі алдыңғы лектен көрінеді деп сеніммен айта аламын.