18 жасқа дейін әр баланың құқығын қорғау керек - Аружан Саин

07.09.2022 18:48

Спикердің сөзінше, Қазақстанда кәсіби отбасылар туралы заң қабылдануы керек

Фото: преcc-служба "Нур Отан"

Президент Қазақстан халықына арнаған Жолдауында Ұлттық қордың жылдық инвестициялық табысының 50 пайызын 18-ге толмаған балалардың жеке шотына аударуды ұсынды. Осы уақытқа дейін ата-ана мен қоғам дені сау, білімді, әдепті тұлға тәрбиелеуі тиіс. Мұндай пікірді еліміздегі балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысының бұл ұсынысын дұрыс деп санаймын. Бұл - балаларымыздың болашағына үлкен қолдау және кепілдік. Мен қазақстандықтарды балаларымыздың жарқын келешегі үшін жасалып жатқан реформаларды жүзеге асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға шақырғым келеді. Жиналған ақшаны пайдалану құқығы келмей тұрып, 18 жасқа толғанға дейін дені сау, білімді, әдепті тұлға тәрбиелеуіміз керек. Сонымен қатар, балаларды олардың құқықтарын бұзатын нәрселерден қорғауға тиіспіз»,- деді Аружан Саин.

Сонымен қатар, ол мектептегі тегін ыстық тамаққа да тоқталды.

«Жаңа оқу жылы басталды – мен тағы да мектептегі тегін ыстық тамақ пен жеңілдетілген мектеп формасы мәселесін көтеремін. Өйткені, олар жүзеге асса, балалардың игілігіне, олардың денсаулығына, адамдардың мемлекетке деген көзқарасын жақсы жаққа өзгертуге өз септігін тигізеді. Сонымен қатар, бірден үш алып саланы – өндірісті дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге және қоғамдық тамақтандыру және жеңіл өнеркәсіптің (мақта және тігін өнеркәсібінің) жандануына ықпал етеді. Бұл жаңа жұмыс орындары ашылады, салық түсімдері артады дегенді білдіреді. Дәл осыны Қазақстан халқына Жолдауында Қасым-Жомарт Кемелұлы айтты: «Мектеп формасын барлық оқушыға барынша қолжетімді ету аса маңызды. Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз саналатын кейбір топтағы балаларға оны бюджет есебінен беру қажет деп санаймын», деді. Мектеп формасын сатып алуға берілетін нысаналы мемлекеттік тапсырыстар отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бағытталуы керек», - дейді спикер.

Еліміздегі балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның айтуынша, жоғары кәсіби педагогтар мен мұғалімдерді даярлау жүйесі болмаса, олардың еңбекақысы «мұғалім» деген сөзге сәйкес келмесе, бүкіл жүйенің сапасын арттыру мүмкін емес.

Сонымен қатар, ол бала күтіміне қатысты төлем 1,5 жасқа дейін ұзартылуы, балалар үйіндегі сәбилердің санын айтарлықтай азайтатынын тілге тиек етті.

«2023 жылдың 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылады. Бұл, ең алдымен ата-ана үшін үлкен қолдау. Меніңше, бұл балалар үйі мен сәбилер үйіндегі балалардың санын айтарлықтай азайтады. Өйткені, көптеген ата-ана мен аналар қаржылық қиындықтарға төзе алмағандықтан, сәбилерін сол жаққа жібереді»,- дейді Аружан Саин.

Спикердің сөзінше, Қазақстанда кәсіби отбасылар туралы заң қабылдануы керек.

«Биыл кәсіби отбасылар туралы заң қабылданып, ол үшін барлық қажетті нормативтік құқықтық актілер әзірленеді деп сенемін. Тек осылай ғана біз интернаттық мекемелерден (балалар үйлері, сәбилер үйі, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелер) бас тарта аламыз»,- деді ол.