ҚазҰУ-да Президент жолдауы талқыланды

06.09.2024 18:54

Іс-шараға ЖОО басшысы мен оқытушылар, сондай-ақ студенттер қатысты

Фото: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспасөз қызметі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы және студент жастармен көшбасшылық кездесу өткізіп, ҚР Президентінің жолдауын талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv ҚазҰУ-дың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

ЖОО басшысы жүздесуде әділетті Қазақстанды құрудағы жастардың рөліне тоқталып, Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде орын алып жатқан елеулі өзгерістерге назар аударды.

«Әділетті Қазақстанды болашақ ұрпаққа аманат ету – баршамызға ортақ міндет» тақырыбындағы шараға факультет декандары, ардагер оқытушылар, профессорлар, жас ғалымдар, білім алушы жастар және 1-курс студенттері жиналды.

Ректор өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына жолдауы ең алдымен ел экономикасын жақсартуға, халықтың әл-ауқатын көтеруге, жастардың тұлғалық белсенділігін арттыруға негізделген ауқымды жоспарларды қамтығанын жеткізді.

«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты жолдауда ғылым және жоғары білімді дамыту, үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайту мәселелері ортаға салынды. Инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру, жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттыру қарастырылды. Ұлттық мүдделердің мызғымастығы, ұлт өмірінің сапасын арттыру, қауіпсіздік пен заң үстемдігін қамтамасыз етуге де айрықша маңыз берілді. Бұл тапсырмалардың біраз бөлігін университет өмірінде іске асырып жатырмыз, алдағы уақытта да жүйелі жалғастыратын боламыз», – деді ректор.

Оқу ордасының басшысы болашақ Қазақстанды дамыту, әділетті қоғам құруда жастарға артылар сенім мол екенін айта келе, ең басты міндет  білімді және білікті маман болу екенін атап өтті.

«Президент өз сөзінде «Біздің ұзақ мерзімге арналған даму жолымыз айқын. Биік мақсаттарымыз бар. Оған жету үшін, ең алдымен, ел бірлігін сақтай білуіміз керек. Бір-бірімізге қолдау білдіріп, құрмет көрсетуіміз қажет» деді. Бұл жалынды жастардың қолынан келетін дүние. Ел бірлігін, өзара татулықты сақтау басты қағидаға айналуы керек. Президент бұған дейін де бірнеше мәрте «Тәуелсіздік – ең қасиетті, қастерлі құндылығымыз, ең басты байлығымыз» деп айтты. Осы баға жетпес құндылығымыздың қадірін біліп, қуатты Қазақстанды дамыту – жастардың қолында. Әр адамға және баршаға бірдей мүмкіндік беретін мемлекетті, яғни әділетті Қазақстанды болашақ ұрпаққа аманат ету – баршамызға ортақ міндет», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

ЖОО ректоры кездесуде ҚР Президенті қойған міндеттер мен мақсаттарды орындауда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ айрықша үлес қосып отырғанын айтты.

«Мемлекет басшысы жолдауында алдыңғы қатарлы 23  шетелдік жоғарғы оқу орнының ашылғанын атап өтті. Соның екеуі біздің университетімізде ашылды.  Атап айтқанда, Мәскеу ұлттық ядролық зерттеу университеті және Солтүстік-батыс политехникалық университеті. Бұған дейін Ыстамбұл және Бішкек қалаларында Президенттің қатысуымен ҚазҰУ филиалы ашылған болатын. Алдағы уақытта Ф.М. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінде ҚазҰУ филиалын іске қосу жоспарланып отыр», – деді білім ордасының басшысы.

Көшбасшылық кездесуде Жансейіт Қансейітұлы оқу ордасы зерттеу мәртебесіне ие болғандықтан, ғылыми әлеуетті дамытуға университет баса назар аударатынын айтты. Сондай-ақ студенттердің емін-еркін білім алуы үшін университетте атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Сөзін қорытындылай келе, Жансейіт Қансейітұлы студент жастарды уақытты тиімді пайдалануға, жиі кітап оқуға үндеп, баршаға ортақ бейбіт әрі жарқын болашақ құру жолында күш біріктіруге шақырды.

Кездесу соңында латын графикасына көшу мәселесі, Қазақстанның өзге мемлекеттермен ынтымақтастығы, қоғамдағы тұрақтылық туралы бірқатар сұраққа жауап берді.

Оқи отырыңыз: Қыркүйекте қазақстандықтар қалай демалады