Халық өзіне жақын партияны таңдай алады – Самат Нұртаза

25.04.2022 19:36

Ғалымдардың айтуынша, ғылым саласын дамытуға арналған жүйелі бағдарлама нәтиже беріп отыр

Almaty.tv

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтылған сайлау жүйесін жетілдіру идеясын қолдаймыз. Осылай деген саясаттанушылар саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру екенін баса айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мамандардың айтуынша, енгізіліп отырған саяси реформалар мемлекеттік шешімдерді әзірлеу және қабылдау процестеріне оң әсерін тигізеді.

«Бұрын 20 мың адам сұраса, қазір 5 мың адам. Менің ойымша халық не үшін партия құрылып отырғанын түсінеді. Сондықтан ақ пен қараны ажырата білетін халық қой, партияны құра берсін, 20 немесе  30-40 партия құрылысын. Халық өзіне жақын партияны  таңдай алады», – деді саясаттанушы Самат Нұртаза.

Ал ғалымдардың айтуынша, ғылым саласын дамытуға арналған жүйелі бағдарламалар қазірдің өзінде нәтиже беріп отыр. Оған еліміздегі зерттеу институттарының жүргізіп жатқан ауқымды жобалары дәлел бола алады.

«6 ай жалақы алмаған кезіміз болды. 100-ден аса маманымыздың 20-30-ға дейін қысқарып кеткен кездері болды. Қазір, соңғы 2-3 жылда ғылымға көңіл бөлініп, жалақыны көбейту, далалық зерттеулерге көңіл, қаржы бөлініп жатыр», – деді Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері Жолдасбек Құрманқұлов.