Марат Бәшімов: Рақымшылықтың арқасында нақты кінәлілер жауапкершіліктен жалтарып кетпеуі керек

inform.kz
inform.kz
Заңгер кез-келген іске қатысты рақымшылық жасау процесі өте күрделі зерделеуден өтетінін атап өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қаңтар оқиғасына байланысты жасалатын рақымшылық – нақты кінәлілердің жауапкершіліктен жалтаруына себеп болмауы тиіс. Мұндай пікірді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Қоғамдық кеңесінің төрағасы Марат Бәшімов білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Мысалдан бастайын. Мәселен, далада қарны ашып жүрген азамат дүкеннен бір тағамды ұрлап алды делік. Ол жағдайда оған хаттама толтырып, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал енді Қаңтар оқиғасын алайық. Мұнда азаматтар тобырға еріп, дүкен тонап, өзгенің мүлкін сындырып кетті. Осы орайда көбі оларды жауапкершілікке тартпау керек деген пікірді айтып жатады. Дегенмен оны ешкім қылмыс жасауға итермелеген жоқ қой. Әділеттілік – иманнан бастау алуы керек. Қоғамда Қаңтар оқиғасына байланысты көптеген сұрақтар туып тұрды. Сондықтан Президент рақымшылық жасау шешімін қабылдап отыр. Мұны «гуманистік акт» деп атауға болады. Ақылға салып, саналы сарапталған шешім», - деп пікір білдірді Марат Бәшімов.

Сонымен қатар, заңгер кез-келген іске қатысты рақымшылық жасау процесі өте күрделі зерделеуден өтетінін атап өтті.

«Мен ҚР Президенті жанынан құрылған рақымшылық коммисиясында жұмыс істеймін. Істі рақымшылыққа келтіру үшін талай процедурадан өткізу керек. Өйткені, заң жауапкершілігі бар. Ол азаматтық немесе әкімшілік құқықбұзушылық әрекетіне барған жоқ, Ол қылмыстық іс жасап отыр. Сондықтан Қаңтар оқиғасына байланысты жасалатын рақымшылық – нақты кінәлілердің жауапкершіліктен жалтаруына себеп болмауы тиіс», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Қоғамдық кеңесінің төрағасы.

Новости партнеров