Жұдырығын ала жүгіретіндерден қорғауда жаңа заңның орны бөлек – Бану Нұрғазиева

ortcom.kz
ortcom.kz
Бану Нұрғазиева отбасылық зорлық-зомбылықпен күресте Қазақстанның Азаматтық альянсы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева еліміздегі отбасылық зорлық-зомбылық мәселесіне алаңдатушылық танытты. Айта кетейік, аталған проблеманы ҚР Президенті биылғы Жолдауында көтерген еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Өнегелі ұрпақ берекелі отбасында тәрбиеленеді. Өкінішке қарай, жыл санап елімізде тату-тәтті, айрандай ұйыған отбасылардың саны азайып барады. Президент Жолдауында көтерілген басты мәселенің бірі - адам құқығының қорғалуы. Әсіресе отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі біздің елде өзекті болып тұр. Зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстардың 6-7 пайызы отбасында жасалады. БҰҰ статистикасына жүгінсек, жыл сайын 3,5 млн адам отбасында болатын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Отбасында жапа шегушілердің 90 пайызы – әйелдер», - деді Бану Нұрғазиева.

Оның айтуынша, заңды қатаңдатудағы мақсат - қоғамның әлсіз тобын қорғау. Оның қатарында қыз-келіншектер, балалар мен жасөспірімдер және қарттар бар.

«Зорлық-зомбылық сипатындағы құқық бұзушылық еліміздің қылмыстық және әкімшілік кодексінде әлдеқашан анықталып қойған. Ал жұдырығын ала жүгіретіндерден қорғауда жаңа заңның орны бөлек. Отбасылық зорлық-зомбылықтың жолын кесуде кешенді құқықтық механизм керек. Еуропа елдерінің статистикасына қарасақ, педофилияның 30 пайызы – отбасы мүшелерінің, 40 пайызы - туысқандары тарапынан болып жатады. Осы орайда заң өте қажет», - дейді ол.

Сондай-ақ, Бану Нұрғазиева отбасылық зорлық-зомбылықпен күресте Қазақстанның Азаматтық альянсы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

«Ақмола облысының Степногор қаласында «Әйел жылуы» (Женский луч) атты қоғамдық бірлестік бар. Аталған ұйым 2018 жылдан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Осы уақытқа дейін орталықта 298 адам толыққанды әлеуметтендіруден өтіп, 3490 адам адвокат және психологтың консультациялық көмегін алды. Сонымен қатар агрессиясы басым жандармен бөлек жұмыс жүріп жатыр. Аз уақыттың ішінде қоғамдық орталық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдерді өмірге қайта бейімдеу алаңына айналды», - деді альянс басшысы.

Оның мәлімдеуінше, Қазақстанның Азаматтық альянсы елдегі қоғамдық мәселелерге бей-жай қарамайды және зорлық көрсетушілерге жазаны қатаңдатуға арналған заң жобасын қолдайды.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы биылғы халыққа Жолдауында отбасында ойран салатындарға жазаны күшейту керектігін айтқан еді.

Новости партнеров