|
17.03.2022 | 14:44
229

Мұхтар Құл-Мұхаммед Сенаттың функциясын қайта қарауға қатысты жарияланған бастамаларға пікір білдірді

Мұхтар Құл-Мұхаммед Сенаттың функциясын қайта қарауға қатысты жарияланған бастамаларға пікір білдірді inform.kz

Сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед Президент Жолдауындағы Сенатты жасақтау тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қарауға қатысты жарияланған бастамаларға пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Депутаттың пайымынша, Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту туралы шешімі дұрыс қадам.

Сонымен қатар сенатор Жолдау аясында заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі болатыны туралы айтылған бастамаға пікір білдірді.

Депутат бұл өкілеттіктің ауысуы оңтайлы екенін, бұл практика көптеген мемлекетте бар екенін атап өтті.

«Осы ретте соңғы шешімді, яғни заңды қабылдау немесе қабылдамау жөнінде Сенат айтатыны көрсетілді. Бұл әлемдік тәжірибеде бар қадамдар, оған алаңдайтын себеп жоқ», - деді М. Құл-Мұхаммед.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту туралы шешім қабылдағанын жариялады. Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргідей сайламайды, тек ұсынатын болады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасы жойылмақ. «Менің ойымша, бұл – саяси жағынан да, заңдық тұрғыдан да дұрыс қадам. Бұл квота Сенатқа ауысады және 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді», - деді Президент.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізген дұрыс деп санайтынын айтты.

«Соған сәйкес, заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі болады. Ал, Сенаттың өкілеттігін Конституциялық кеңес пен Жоғары сот кеңесінің төрағасы лауазымына ұсынылатын кандидаттарға келісім беру құқығымен толықтырған жөн. Бұл өзгеріс саяси жүйедегі тепе-теңдік және тежемелік механизмдерін елеулі түрде нығайта түседі, заң шығару үдерісін едәуір жеңілдетеді. Сонымен қатар, төменгі палатаның құзыретін кеңейту қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Прямой эфир