Зиялы қауым өкілдері саяси реформаларды өзгерту халықтың санасына жаңа серпіліс береді дегенді алға тартты
Президент жолдауы – Жаңа Қазақстанды құру жолындағы айқын бастама. Ғалымдар мен қоғам белсенділері мемлекет басшысының сөзін тыңдап, осындай тұщымды ой білдірді. Оның айтуынша, кешегі саяси құжат – сан саланы қамтыған, ауқымды стратегиялық жоспар. Онда заң шығару құқығын Мәжіліске беру, партиялар арасындағы бәсекелестікті арттыру секілді басым бағыттар қамтылған. Көпшілік Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын құптап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазіргі геосаяси ахуал, әлемдік дағдарыс пен жыл басындағы елімізде өткен жаппай тәртіпсіздіктер. Осындай сын сағатта Президент жолдауы күрмеуі қиын мәселені шешудің тиімді жолдарын көрсетіп берген саяси құжатқа айналды дейді ғалымдар. Ал зиялы қауым өкілдері саяси реформаларды өзгерту халықтың санасына жаңа серпіліс береді дегенді алға тартты.
«Президенттің тағы бір айтқаны – билік пен халық арасындағы ашықтық. Ең бастысы, халыққа құлақ асатын билікті қалыптастыру. Бұл – бұрыннан айтылып келе жатқан мәселе. Биліктегі адамдар бірінші халықпен санасуы керек. Солардың ойынан шығуы керек», - деді философия ғылымдарының докторы Жақыпбек Алтай.
Президенттің Жолдауында тағы бір көтерілген маңызды мәселе – аралас сайлау жүйесіне көшу. Себебі соңғы кездері халық әкімдер мен депутаттарды сайлауға селқос қарайды. Менің дауысым маңызды емес деп есептейді. Бұл бағыттың мақсаты да осы мәселені реттеу. Президент дер кезінде қабылдаған маңызды шешімдерді көпшілік қолдап отыр.
«Қытайдың «Ағашты егетін ең ыңғайлы уақыт 20 жыл бұрын өтіп кеткен, енді ең соңғы ыңғайлы уақыт – бүгін» деген бір жақсы сөзі бар. Осы нәрселердің шешімін 5-10 жыл бұрын бастау керек едік. Ең соңғы ыңғайлы күн – бүгін. Президенттің соңғы сөзі соған арналған. Сіз өзгерісті өзіңізден бастамай, мен өзімнен бастамай, қанша реформа жасасақ та ештеңе өзгермейді», - деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінің деканы Жұман Жекенов.
Енді Парламент Мәжілісінің депутаттық корпусында пропорционалды-мажоритарлы үлгі пайдаланылатын болады. Яғни, 70 пайызы пропорционал, 30 пайызы мажоритарлы тәсілмен жасақталады.
«Бұл дұрыс шешім. Президент кеше толық түсіндіріп берді. Жаңадан құрылатын Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы мәжілісмендер алдында жылына екі рет есеп береді. Бұл республикалық бюджеттің сапалы орындалуына ықпал етеді», - деді қоғам қайраткері Айткүл Самақова.
Бұл жолғы Жолдаудың расымен де мән-маңызы айрықша болды. Мемлекет басшысы өз сөзін түйіндей келе көпірме сөзді қойып, нақты іске көшетін кез келгенін айтты.
Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы