8 мектеп, 17 жаңа ғимарат: Алматыда оқушы орнының тапшылығы қалай шешілмек

02.09.2021 21:02

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев 600 орынға арналып салынған жаңа корпуспен танысты

Almaty.tv

Алматыда 8 мемлекеттік мектеп салынып жатыр. Құрылысы басталған 17 жаңа корпустың жетеуі қолданысқа беріліп те қойды. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығын тексерді. Мегаполис басшысы 8 білім ордасына барып, мектептердегі санитарлық нормалардың қаншалықты сақталғанына назар аударды. Түрленген мектептерді көріп, енгізілген жаңашылдықтармен танысты. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев 600 орынға арналып салынған жаңа корпуспен танысты. Бұл қалалық №38 гимназияны кеңейтуге мүмкіндік бермек. Қазір қалада 8 мемлекеттік мектеп пен 17 жаңа корпус бой көтеруде. Соның 7 жаңа оқу жылында қолданысқа берілді. Орта мектептердегі орын тапшылығына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында да тоқталып, 2025 жылға дейін мектептер санын одан әрі арттыру керектігін айтқан еді. Алматыда бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғаса бермек.

«Мектебіміздің ескі ғимаратының жанынан жаңа нысан салынып, оның осы оқу жылында қолданысқа беріліп жатқанына бәріміз қуаныштымыз. Мұнда орта және жоғары буын оқушыларына арналған 28 оқу кабинеті бар. Орын жетіспеушілігі мәселесі шешілді», – деді №38 гимназияның директоры Гүлжан Досаева.

Алматылық оқушылар арасында дебат құру дәстүрі қайта жаңғырып келеді. №180 мектепте дебат клубы ашылған. Бұл балалардың білім көкжиегін кеңейтуге, өз көзқарасын танытуға септеспек.

«Дебат американдық және британдық форматта өтеді. Яғни екі фракцияға бөлінеміз. Әр түрлі тақырыпта болады, мысалы Қазақстанның тәуелсіздігінің жетістігі», – деді №180 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Әмина Өмірбекова.

Мектепте оқитын 3800-ден астам баланың басым бөлігі көпбалалы отбасынан шыққан. Балаларды оқуға баулу үшін 6 мыңға жуық кітабы бар жаңа кітапхана ашылды. Ал «Жасыл мектеп» жобасы аясында мектептер жанынан жылыжайлар салынған. Балалар биология сабағын енді практика жүзінде өткізеді. №174 мектепте инклюзивті білім беру әдісі енгізіліп, мұнда электронды кітапхана да жұмыс істейді. Сонымен қатар жалпы мектеп кітапханалары қайта жөнделіп заманауи сипатқа енген. Керекті құрылғылармен жабдықталған.

«Ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларға арналған ресурстық инклюзивті кабинет бар. Негізі 16 оқушы бар. Биыл бірінші сыныпқа тағы екі оқушы келіп қосылып жатыр. Бұл жерде 8 маман жұмыс жасайды. Әдіскер, дефетолог, логопед, психолог», – деді қалалық №174 гимназияның диреторы Арнагүл Мәлікова.

Қаладағы №153 гимназия 4 тілде білім береді. Мектепте балаларды онлайн оқыту үшін озық үлгідегі панельдер орнатылған. Сол арқылы балалар түрлі платформаға қосылып, әлемнің кез келген нүктесіндегі педагог, ғалымдармен дәріс өткізе алады.

«Мәселен бүгін оқушылар ғылыми жобаларды талқылады. Сабақта 5 ғалыммен онлайн байланысқа шығып, пікір алмасты. Бұл балалардың сапалы білім алуына көмектеседі», – деді №153 гимназияның директоры Шавкат Умаров.

Сондай-ақ, мектептердің спорт алаңдары қайта жаңғырып, оқушылардың игілігіне жарауда. Жалпы қалада біліммен қатар спортты дамыту мықтап қолға алынған.  

«Қаламызда мектептер аумағында 8 заманауи спорт кешені бой көтереді. Ашық және жабық футбол, бескетбол, волейбол алаңдары, жүгіру орындары болады. Биыл тағы 33 спорт алаңын қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр», – деді қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов.

Ел Президенті өз жолдауында Бұқаралық спортты дамытуды, халықтың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет екеніне назар аударған еді. Осыған орай спорт инфрақұрылымын біртіндеп салуды тапсырған болатын.

Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, Сағындық Нарықов «Алматы» телеарнасы