Өңірлерді қаржыландыру жүйесін түбегейлі қайта қараған жөн деген Мемлекет басшысы Жолдауында жергілікті басқару органдарының қызметіне айрықша тоқталған еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сарапшылар басқару ісінен атқару жұмысына дейінгі әр бөлім халықтың мүддесін қорғауға бағытталуы тиіс дейді. Олардың айтуынша, ел тұрақтылығы мен дамуын көздеген жаңа реформа Жаңа Қазақстанның бастауы болмақ.
«Билік халықты естімесе, халықтың талаптарын, мүдделерін қорғамаса жағдайымыз қиын болады», – деді қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі Қазыбек Шайх.
Президенттің жолдауында сайлау мен әкімшілік бөлініске өзге дағдарысқа қарсы атқарылуы тиіс шаралар мен басқару жүйесін орталықтандыру мәселесі де қозғалған еді. Бұл ретте «әр сөзінде бұқара тілегі мен көпшілік сұранысын ескерген Президент халықпен бір болуға үндейді»,-дейді тіл маманы.
«Шынын айтқанда, «халық» сөзінің жиілігі Жолдауда өте көп болды. Мен оны санап шықтым. Бұл - Президентіміздің ішкі интенциясын, яғни ар жағындағы көксегені халқына түсінікті болу, пайдалы болу дегенді білдіреді. Жаңа реформа басталды. Енді соған ел болып қолғабыс етіп, бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруымыз керек», – деді А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова.