Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жасаған Жолдауында мәлімдеді
Қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасалады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жасаған Жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сондай-ақ Президент бейберекет кезде қаза болған азаматтардың жағдайы төмен отбасыларына материалдық көмек берілетінін айтты. Бұл игі іске «Қазақстан халқына» қоры атсалысады. Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында тәртіпсіздік ұйымдастыруға қатысқан басты күдіктілерге, мемлекетке опасыздық жасап, билікті күшпен басып алуға талпынған айыптыларға рақымшылық жасалмайтынын тілге тиек етті. Өйткені бұл топтағылар жағдайды қасақана ушықтырған. Енді ел ішіне іріткі салып, заң бұзуға үгіттеген адамдардың мәселесін өкілетті органдар қарастырады.
«Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, бюджет саясатына реформа жасалатын болды. Ол үшін бюджет кодексіне шекті нормативтер бекітілмек. Президент Ұлттық қордың қаражатын аса қажет инфрақұрылымды дамытуға және еліміз үшін маңызы зор жобаларды қаржыландыруға жұмсауды ұсынды. «Көрпеге қарай көсілу қажет» деген Мемлекет басшысы қор қаржысын тиімсіз жұмсауды доғару керектігіне басымдық берді.
«Бюджет үдерістерін барынша жеңілдету қажет. Мемлекеттік органдардың игерілмеген қаражатты келесі жылға қалдыруына мүмкіндік беру керек. Сол арқылы олар ақшаны бюджетке қайтарудың тиімсіз тәртібінен құтылады. Сонымен бірге, бюджетке қатысты тәуекелдерді басқару жүйесін іске қосу керек. Бұл жүйе квазимемлекеттік секторды да қамтуға тиіс», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.