Президенттің жолдауынан кейін жігерлендік. Мемлекет басшысы халықтың ойында жүрген орынды шешімдерді қабылдады. Осылай деген заңгер Ғабит Өмірбеков пен педагогика ғылымдарының докторы Такир Балықпаев жаңа бастамаларды қос қолдап қолдайтынын жеткізді. Олардың айтуынша, жаңа реформалар еліміздің даму жолындағы негізгі қозғаушы күшке айналуы тиіс, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Күні кеше ғана мемлекет басшысының жолдауында айтылған реформалар елдің құлаған елең еткізді. Мысалы, заңгер Ғабит Өмірбеков Алматы облысы орталығының Қапшағай қаласына ауысатынына қатты қуаныпты. Енді сотқа қатысу үшін Талдықорғанға сабылып жүрмейміз дейді. Заңгер жолдауда айтылған басқа да мәселеге қатысты өз ойын білдірді.
«Ол азаматтық істер, қылмыстық істер, әкімшілік істерге қатысты мәселелер көтерілген. Олар жан-жақты, объективті зерттеліп, ашық түрде жүргізілуі тиіс. Барлығы заң аясында дұрыс болуы керек деп айтылды. Мен қуандым және Президентті қолдаймын», - деді халықаралық заңгерлік компанияның директоры Ғабит Өмірбеков.
Ал педагогика ғылымдарының докторы Такир Балықпаев Дала демократиясының қайта жаңғыруы біріншіден, рухани, екіншіден, өзіндік саяси мән-мағынаға ие екенін айтты.
«Халықтың ойында жүрген көптеген мәселені айтып кетті. Соның бірі – демократияның белгісі ретінде Ұлттық құрылтайды құру деген бастама болды. Және оны Дала демократиясымен теңеді. Ол дұрыс. Дала демократиясының өзіндік идеясы – халықпен кеңесу, содан кейін шешім шығару», - деді Орталық Азия өңірлік ғылыми орталығының директоры Такир Балықбаев.
Айта кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент өз өкілеттігі кезінде партияға мүше болуын тоқтату міндетін заңнамалық тұрғыдан ресімдеуді, әкімдер мен олардың орынбасарларының партия филиалдарындағы қызметіне тыйым салуды ұсынды. Одан бөлек, Президент туыстарына мемлекеттік саяси қызметші және квазимемлекеттік секторда басшы лауазымдарын иеленуіне заңдық тұрғыда шектеу қойылмақ.
Оразай Нұртай, Нұрбол Әбдікерімов, «Алматы» телеарнасы