Мемлекеттік кеңесші бір мәрте президенттік мерзім туралы бастаманы суперпрезиденттік модельден кетудің түпкілікті жалғасы деп бағалайды
ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Президент Жолдауының саяси тезистеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Президенттің кезекті Жолдауы ел тарихында жаңа саяси кезеңді ашып отыр. Мемлекет басшысы билік жүйесіне басқа сападағы стандарттар нұсқады. Бұл – маңыздың саяси шешімдер қабылдау кезінде барынша ашық болу, ұдайы жаңару және ашық бәсеке. Президенттің бүкіл электоралдық кестені жария ету туралы шешімі – Қазақстанның саяси тәжірибесіндегі теңдессіз қадам. Сайлау циклін тұтастай іске қосу саяси жүйені түбегейлі өзгерту талабынан туындап отыр. Маусымдағы референдум кезінде азаматтардың басым бөлігі осы бағытты қолдап дауыс берген болатын», - деп жазды Ерлан Қарин телеграм-каналында.
Оның айтуынша, әуелі Президент сайлауын, кейін Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын өткізу елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзекті әрі стратегиялық шешімдерге назар аудартуға мүмкіндік береді.
«Басқаша айтсақ, елді жаңғыртудың қарқын алған ырғағы бұзылмайды деген сөз. Мерзімінен бұрын сайлау өткізудің дұрыстығын әлем экономикасында геостратегиялық шиеленіс пен турбуленттіліктің артып келе жатқанымен байланыстыруға болады. Әлемдік процестердің даму динамикасын болжап білудің қиындауы қатерлерді көбейтеді және тек жекелеген мемлекеттер үшін ғана емес, тұтас өңірлер үшін сынақ болып отыр. Кешегі Жолдаудың тағы бір негізгі бастамасы – Президент мандатын 7 жылдық бір реттік мерзіммен, қайта сайлану құқығынсыз шектеу болды. Бұл ұсыныс – бүге-шігесіне дейін сарапталған шешім. Парламент оны мақұлдаған жағдайда Қазақстанның саяси жүйесінің келешегі айқындалады. Бір тұлғаның Президент болып 7 жылға бір рет қана сайлануын алыс-жақын ортада теңдесі жоқ саяси инновация деуге болады. Бір мәрте президенттік нормасы бәрінен бұрын елдің саяси жүйесін ұзақ мерзімге тұрақтандырып, билікті монополиялауға жол бермейді және демократияның базалық қағидаттарын нығайтады», - дейді ол.
Мемлекеттік кеңесші бір мәрте президенттік мерзім туралы бастаманы суперпрезиденттік модельден кетудің түпкілікті жалғасы деп бағалайды.
«Бұл шешім Мемлекет басшысының ешбір партияда болмауы, туысқандарының мемлекеттік құрылымдар мен мемлекеттік компаниялардың басшылығында болуына тыйым салу, президент өкілеттігінің бір бөлігін биліктің өзге институттарына таратудан кейін қабылданып отыр. Осылайша, бір реттік президенттік мерзімді енгізу президенттік республиканы билік уәкілеттерінің теңгерімін сақтай отырып институцияландыру процесін түйіндейді. Келесі жылдың бірінші жартысында Мәжіліс пен бүкіл деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын өткізу бастамасы да саяси жаңғыру қисынынан туындап отыр», - дейді Ерлан Қарин.
Сондай-ақ, ол енгізілген аралас сайлау жүйесі шеңберінде бір мандатты округтер бойынша сайлау елдегі саяси мәдениетті арттырудың маңызды факторына айналатынын атап өтті.
«Сайлау заңнамасы жақында жаңа ережелер бойынша жұмыс істей бастайды. Саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетіліп жатыр. Бұл қазірдің өзінде жаңа партиялардың, жаңа тұлғалардың пайда болуына, саяси бәсекелестіктің артуына ықпал етеді. Сондай-ақ, бұл тренд кері шегінбейді, саяси жаңғыру тереңдеген сайын өсе береді. Билік органдарын жаңарту, Мәжіліс пен мәслихаттарды қалыптастырудың жаңа қағидаттары Үкімет пен әкімдіктерді кешенді түрде трансформациялаумен тығыз байланысты. Болашақта үкімет құрамына көпшілік дауыс жинаған партияның өкілдері ғана емес, басқа парламенттік партиялардың өкілдері де кіреді. Тұтастай алғанда, Жолдауда ұсынылған саяси бастамалардың бәрі мемлекеттік құрылысымыздың «Қуатты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты негізгі формуласын кешенді түрде нақты мазмұнмен байытады. Жаңа реформа сайлау циклын бастайды, бұл бүкіл саяси жүйені қайта бастауға мүмкіндік береді», - деп жазды Мемлекеттік кеңесші.