Президент Жолдауында айтылған балалардың шотына ақша түсуі ата-аналар үшін үлкен көмек. Президент Жолдауын отбасымен бірге тыңдаған Кербұлақ аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ғалия Ақбасова осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Көпбалалы ана балаларға арнайы есепшот ашып, оған Ұлттық қор табысынан қаржы аударып отыру өте ұтымды ұсыныс екенін айтады. Бірнеше бала тәрбиелеп отырған және аз қамтылған отбасылармен жиі хабарласатын іскер әйел атаулы әлеуметтік көмек пен балалар жәрдемақысының мерзімін ұзарту мәселесі де өте орынды дейді.
«Бұл ата-ана үшін де, бала үшін де үлкен көмек болатын болды. Балалар енді өздері өскеннен кейін, 18 жасқа толғанда біліміне, денсаулығына, мүмкін жеке кәсіп ашатын шығар, баспана алуға жұмсайды дегендей. Осы дүниелерге өте керекті қаржы деп ойлаймын. Бұл - жақсы үрдіс. Сондықтан қазақстандықтарды осы қуанышты хабармен шын жүректен құттықтаймын»,- деді Кербұлақ аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ғалия Ақбасова.
Берекелі шаңырақ иесі Ғалия Ақбасова отбасылық зорлық-зомбылықпен күресте заңды қатаңдату қажеттігін алға тартады. Ал отбасында кикілжің болмауының басты кепілі әлеуметтік мәселелердің дер кезінде шешілуінде дейді.
Президент әр Жолдауында осы салаға ерекше назар аударып келеді.