«Елімізде өкілді билік тармағы мықты болуы қажет». Осылай деген мемлекет басшысы өз Жолдауында елдің институционалдық тұғырын нығайтуды тапсырған еді. Бұл дегеніміз – президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқартып, Парламенттің рөлін арттыру, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаев өзін Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту туралы шешім қабылдады. Елдің зиялы қауымы бұл ретте «енді биліктің жұмыс сапасы артады» деп сенеді. Өйткені біздегі басқару жүйесі әр өңірдің мүддесін қорғайтын палатаға айналуы тиіс.
«Жолдауда айтылған, көтерілген, ұсынылған бастамалардың бәрі жалғыз президент атқарар шаруасы емес. Мәжіліс пен Сенат болсын, қоғам болсын, әркім өз жұмысын бәсекеге қабілетті түрде адал атқарар болса, жұмыстың сапасы биік болады», - деді медицина ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынгүл Ботабекова.
Негізінен саяси мәселелерді қамтыған Жолдауда бұл бағытта дамудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқарудағы рөлін арттыру болып отыр. Бұл ретте тек Президент өкілеттігі емес, депутаттар мен әкімдердің сайлануында да бірқатар өзгерістер болмақ. Ал партиялық жүйені жетілдірудің мүмкіндіктерін кеңейту – өз алдына маңызы бөлек мәселе.
«Жүйенің өзгеруіне бағытталған реформалардың бәрі тек билік жүйесінде емес, қоғамда көрініс береді деп сенеміз. Сайлауға қатысты қабылданған шешімдерден бөлек, Жолдаудағы қай бағытты алып қарасақ та, ел өмірінде елеулі нәрсе екенін байқайсыз. Бастысы, нәтиже болуы керек», - деді ҚР Президент архивінің директоры Әлия Мұстафина.