Алматыдағы Алатау ауданында 2 жаңа мектеп ашылды

01.09.2022 22:22

Қалада жалпы білім ордаларында 317 мың бала оқиды

Almaty.tv

Бүгін Алматыда 8 жаңа мектеп жұмысын бастады. Ал қаладағы оқу ордаларында білім алатын оқушылардың саны 317 мыңға жетіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Одан бөлек, мегаполистегі үш ауысымдық мектептерді болдырмау мақсатында салынған қосымша мекемелердің де қатары көбеймек. Биылдан бастап Алматы мектептері толығымен бір не екі ауысымдық оқуға көшеді. Бұған дейін мыңнан аса баланы үш мезгілге бөліп оқытып келген №196 мектепте де бүгін үлкен қуаныш. 1500 орындық жаңа құрылыс нысаны ендігіде заман талабына сай жабдықталып, қызметін бастамақ.

«Әрине, мынадай үлкен «Мәдениет» шағынауданында мектеп ашылып жатқанына қуаныштымыз», – деді ата-ана Әлібек Құралов.

«Біз өте қуаныштымыз. Жаңа мектеп ашып беріп жатқанына алғысымыз шексіз. Бұрын кішкентай мектепке баруға уайымдайтынбыз, үш ауысымда оқитын. Қазір барлығының бір ауысымға ауысқанына өте қуаныштымыз», – деді ата-ана Салтанат Тілеубаева.

Алатау ауданына қарасты «Саялы» ықшамауданының оқушылары да бүгін жаңа мектептің табалдырығын аттады. 1800 орындық білім мекемесі 2570 баланы екі ауысымға бөлім оқытпақ. Ал қолына ал-қызыл гүлін алып, алғашқы қоңырауын соққан 535 балдырған 18 сыныпқа бөлініп, бірінші оқу жылын бастады.

«Саялы» ықшамауданында бой көтерген жаңа мектепке жан-жақтан оқушылар қабылданып жатыр. «Рахат», «Мәдениет» ықшамауданынан осы «Саялы» ықшамауданының балалары келіп жатыр. Сонымен қатар «Дарабоз», «Нұркент» шағынауданының оқушылары бар», – деді №204 ЖББ мектептің директоры Гүлжан Бекенова.

Бүгін ашылған 8 жаңа мектептің төртеуі – мемлекеттік. Қалған төрті – жеке инвестиция есебінен салынып отыр. Ал  тек жапсарлас құрылыс нысандарының өзі оқушылар санын 875 орынға ұлғайтуға мүмкіндік берді.

«Алматы қаласында оқушы саны 12-14 мыңға дейін жылдан-жылға көбейіп отырады. Сондықтан, құрылыс жұмыстарын қарқынды салу іске асырылып жатыр. Жыл аяғына дейін тағы да қосымша 5 мектеп іске қосылатын болады мемлекеттік, 2 жекеменшік мектеп және де 2 қосымша ғимарат іске қосылатын болады. Мектептегі  орын тапшылығын жою мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.

Ақпар үшін айта кетейік, Алматыда 210 мемлекеттік мектеп бар. Жекеменшік оқу онрының саны – 91. Ал жалпы білім ордаларында 317 мың бала оқиды.

Мадина Оқас, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы