М. Әшімбаев: Жолдау – қоғамның алдағы реформалар бойынша сұрақтарына берілген нақты жауап

03.09.2021 22:26

Биылғы Жолдауда әлеуметтік салаға аса мән берілді

стоп-кадр

Биылғы Жолдауда әлеуметтік салаға аса мән берілді. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының тапсырмалары ауыз су, тұрғын үй, жайылымдық жер, денсаулық сақтау, білім беру және бизнес жүйелерін қолдау мәселелерін шешуге арналғанын атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv

«Жаңа реформалардың басты мақсаты азаматтардың орталық және жергілікті деңгейдегі шешім қабылдау процестеріне қатысуын қамтамасыз ету. Осы бағытта Мемлекет басшысы депутаттық мандаттарды бөлу кезінде ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін арнайы квота қарастыру қажет екенін айтты. Жалпы, биылғы Жолдауды қоғамның алдағы реформалар бойынша сұрақтарына берілген нақты жауап деп қабылдаймыз», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Ал, сенатор Дана Нұржігіт Президент Жолдауындағы тапсырмаға сай дәстүрлі оқытуға көшкен балалардың психологиялық жағдайына ерекше назар аудару қажет деп санайды. Оның айтуы бойынша, мектептегі педагог-психологтар жұмысын жандандыру үшін мемлекет тарапынан қолдау керек. Ал, бүгінгі таңда психологтардың біліктілігін көтеру мемлекет есебінен жүргізілмейді. 

«Өкінішке қарай, оқушыларымыз осынша уақыт аралығында виртуалды желі әлеміне еніп кетіп, тіпті бір-бірімен араласудан, тіл табысып, адами қарым-қатынас құрудан қалып барады. Ақпараттық технологиялардан хабардар болу, сауатты болу бүгінгі заманның талабы, әрине. Алайда ақпараттың алапат ағымына тұншығып, балалық шақ, ата-ана мен бала арасындағы байланыс үзіліп барады. Ал, отбасында зорлық-зомбылық көріп өсіп жатқан балаға құқықтық көмекпен қатар, психологиялық көмек тіпті қажет», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт.