|
03.09.2022 | 19:29
777

Елдің әл-ауқатын көтеретін бағыт-бағдар – Алматыдағы зиялы қауым өкілдері Жолдауды талқылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауы халық арасында қызу талқыланып жатыр

 Елдің әл-ауқатын көтеретін бағыт-бағдар – Алматыдағы зиялы қауым өкілдері Жолдауды талқылады Almaty.tv

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауы халық арасында қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматыдағы зиялық қауым өкілдері де Жолдауды кеңінен талқылап, елдің әл-ауқатын көтеретін бағыт-бағдар екенін айтады. 

Белгілі жазушы Смағұл Елубай да Мемлекет басшысының Жолдауына «Тарихи Жолдау» деген баға берді.

«Шетелдегі біздің отандастарымызды көшіру немесе біздің ішкі миграцияны реттеу –  бұл осы елдің қауіпсіздігі үшін, тәуелсіздіктің баянды болуы үшін басты мәселелердің бірі екені белгілі. Яғни, бұл салаға да  жаңа серпін беріледі деді Президент. Соған да қуандық. 1 сағатқа созылған Жолдаудың ең үлкен саяси мәлімдемесі соңында айтылды. Бұл Қазақстан Президенті ретінде осы күзде Президенттік сайлау жариялаймын дегені болды. Ендігі жерде Президент тек бір рет 7 жылға сайланады дегені болды. Бұл – осы Жолдауды жай Жолдау емес, тарихи Жолдау деңгейіне көтеріп жіберді», – деді Смағұл Елубай.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегмановтың айтуынша, Жолдауда халыққа қарай оң өзгерістер бар. Әсіресе, жекеменшіктегі бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтару шешімі көңілінен шыққан.  

«Негізінен халыққа қарай оң өзгерістер бар. Біріншіден, сәбилердің, балалардың 18 жасқа дейін Ұлттық қордан ақша аударып тұратын жөніндегі шешімі маған ұнады. Екіншіден, бізде қазір Қазақстанда жол мәселесі өткір. Жолда көп жүреміз. Жергілікті жердегі жолдардың бәрін, жол мәселесінің 95 пайызын 2025 жылға дейін жөндейміз деген нақты шешімі де ұнады. Сосын шаруашылықтағы 10 миллионға дейінгі бос жатқан жерлерді, түрлі жолдармен алып алған жерлерді биыл, келесі жылдың соңына дейін  мемлекетке қайтадан қайтару жөніндегі шішімі қатты ұнады», – деп Жолдаудың өзіне ұнаған тұстарын атап өтті ақын.

Абай атындағы ҚазҰПУ проректоры Ақтолқын Құлсариева Жолдауда білімге, ғылымға қатысты айтылған мәселелер өте орынды деп есептейді. Оның  сөзінше, Президенттің жатақхана мәселесін шешуді ұсынуы маңызды.

«Педагогикалық жоғары оқу орындарының аккредитациясының жаңа стандартының болуы да бізге үлкен жауапкершілік жүктейді деп білемін. Және де студенттердің 80-90 пайызы ауылдық жерлерден, шалғай аудандардан келетін. Жоғарғы оқу орны ретінде жатақхана мәселесі де біздің шешілмей жүрген мәселелердің бірі болғандықтан, мемлекет пен жеке кәсіпкерліктің бірлесе отырып, осы мәселені шешуін ұсынуы да өте маңызды. Жаңа экономикалық саясат та көптеген бөліктерден тұрады. Бірақ ең басты айтайын дегенім осылар», – деді ол.

Cаяси зерттеулер орталығы директорының орынбасары Нұркен Айтымбетовтың айтуынша, экономиканың шикізатқа тәуелділігін азайту үшін шағын және орта бизнесті дамыту керек.

«Цифрландыру мәселесі. Бұл бізге не пайда алып келеді? Бұл түскен пайда мен шығынның ашықтығын көрсетеді. Яғни оны бәріміз, халық болып, әрбір түскен пайданы көріп отырамыз. Сонымен қатар экономикамыздың шикізатқа тәуелділігін азайтуымыз керек. Яғни, біз өзіміз өндіріс, өнім шығаруымыз керек. Осыны алға қойып, дамыту керек. Ол үшін Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамыту керек. Тағы Жолдаудың басым тұсы – соңғы уақытта осы шағын және орта бизнесті тексерулер көбейіп кетті. Бағаны бақылауда ұстау мәселесі, мына күрделі саяси жағдайға байланысты санкциялар бағаның тұрақсыздығына, валютаның тұрақсыздығына әсер етіп жатыр ғой. Ішкі азық-түлік бағасы, қызмет бағасы, медициналық қызмет бағасы өсіп жатыр. Соны мемлекет өзі араласып, әрдайым бақылауда ұстап отыр. Бұл бір жағынан халық үшін пайдалы. Екінші жағынан пайдасыз тұстары да бар. Өйткені бағаны бақылауда ұстауға болмайды. Бағаны нарық өзі бақылауда ұстауы керек. Сондықтан Президент кеше осыны тағы да тапсырып айтты. Шағын және орта бизнесті тексеруді, бақылауды азайтуымыз керек деді. Тек монополизацияны ғана бақылауда ұстау керек екенін ескертті», –  деді ол.

Философия ғылымдарының докторы, профессор Жақыпбек Алтаевтың пікірінше, Жолауда айтылған қоғамдық келісім, тұрақтылық құндылықтарының маңызы зор.

«Биыл көп өзгеріс болып жатыр. Үлкен саяси реформаларды соңына дейін жеткізу – бұл соның бастамасы. Президент айтқан кезектен тыс сайлаудың болуы, Сенат, Парламент, мәслихат депутаттарын сайлау өте дұрыс. Бұл менің субъективті пікірім. Шындығында да, бұл жерде мүмкіндігінше қолынан іс келетін жаңашыл, креативті жастарды, таза, әділ адамдарды мемлекеттік іске, қызметке тарту керек. Ең бастысы –  бірлік, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару –  бұл қоғамдық келісім, тұрақтылық. Бұл – біздің мемлекетіміздің тұрақтылығының бірден бір кепілі, еліміздің, халқымыздың бірлігінде деп ойлаймын», –  деді философия ғылымдарының докторы, профессор Жақыпбек Алтаев.

Сондай-ақ,  белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әбілғазы Қайырбеков те Ұлттық қордың инвестициялық бөлігінен 18 жасқа дейінгі балаларға қаржы бөлініп отыратыны  қоғамды елең еткізер  жаңалық болғанын айтады.

«Теңіздің дәмі – тамшыдан» дейді. Жалпы жолдауда көп мәселе қамтылған. Соның ішінде Ұлттық қордың инвестициялық бөлігінен 18 жасқа дейінгі балаларға қаржы бөлініп отыратыны үлкен жаңалық болып қабылданып отыр. Кезінде Кеңес дәуірінде ауқатты адамдар, жағдайы жақсы адамдар өздерінің балалары дүниеге келгенде 18 жасқа дейін жеке шот ашып қойып,  соны кейіін 18 жасқа толған бала алатын жағдай болған. Бірақ ол жеке адамдардың ғана жасап отырған қамқорлығы. Ал мына жерде мемлекет жасап отыр. Мемлекет тарапынан ұрпақтың болшағы үшін, келешегі үшін жасалған қамқорлық деп түсінеміз», – деді Әбілғазы Қайырбеков.

Ал ҚазҰҚПУ Жаратылыстану институты директорының орынбасары Дариға Батаева пікірінше, жайлы мектеп жобасы білім сапасын арттырады.

«Жолдауда еліміздің, ұлтымыздың дамуы үшін маңызды 5 бағдар бойынша жұмыс жасау қажеттігі көрсетілді. 2 жасқа толған балалардың барлығы балабақшада тәрбиеленуі керек, балабақша салу мәселесін көтеру және сол балабақшада тәрбие беретін тәрбиешілердің жұмысын аттестациялау, кәсіби жағынан сай болу қажеттігі айтылды. Одан кейін бізге жайлы мектеп жобасы ұнады. Себебі бізде қазіргі таңда 3 ауысымда оқитын мектептер бар. Бұл, әрине, білім сапасына әсер етеді. Яғни, қалалық жер мен ауылдық жердегі мектептердегі білім сапасының бірдей болу қажеттігі бізге ұнады. Жолдау аясында түрлі түйткіл мәселе шешіледі деп ойлаймын», – деді  Дариға Батаева.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир