Әділетті мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі қоғам: Алматы мәслихатының депутаттары Президент Жолдауын талқылады

01.09.2022 23:27

Құрылымдық қайта құру саяси жаңғырудың жалғасы болуға тиіс

пресс-служба маслихата

Алматы қалалық Мәслихатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын талқылау өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ол Қазақстанды одан әрі дамытуға, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық салаларды нығайтуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және саяси трансформацияны іске асыруға бағытталған.

Кездесуде Мәслихат хатшысы Станислав Канкуров, партия фракциялары мен тұрақты комиссиялардың жетекшілері және депутаттар Кенжехан Матыжанов, Асия Ақанова, Нұрсұлтан Шоқанов, Махамбет Хасенов, Федор Константинов, Серік Есматов, Арайлым Шамова сөз сөйледі.

Жолдау барысында Президент маңызды әлеуметтік-қоғамдық және экономикалық мәселелерді көтерді, мемлекеттік аппаратқа бірқатар тапсырмалар берді, ШОБ-ты қолдау бойынша тиімді шараларды және тағы басқаларды ұсынды. Құрылымдық қайта құрулар саяси жаңғырудың жалғасы болуға тиіс.

Қоғамдық игіліктердің жоғары деңгейіне және халықтың әлеуметтік осал санаттарын, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдауға кепілдік беріледі.

«Әрбір отбасы елдің ұлттық байлығын пайдаланудан нақты қайтарым алуға тиіс. Сондықтан мен жариялаған балалар жылы аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты түбегейлі жаңа бағдарламаны бастау өте маңызды деп санаймын», - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын 18 жасқа толғанға дейін балалардың арнайы жинақтаушы шоттарына мерзімінен бұрын алу құқығынсыз аудару ұсынылады.

«Президент ел экономикасын жетілдіруге, инфрақұрылымды дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауды нығайтуға, ауыл шаруашылығы секторының қарқынды өсуіне басымдық берді. Осымен бірге салық кодексін және өзге де бірқатар мемлекеттік реттеу механизмдерін түбегейлі түрде қайта құруға назар аударды», - деді Мәслихат хатшысы Станислав Канкуров.

«Бүгін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының жаңа кезеңіне аяқ басқан шағында халыққа өз Жолдауын жасады. Аталған Жолдауда елімізің әрі қарай дамуы үшін бірқатар маңызды бағыттар айқындалып, нақты тапсырмалар берілді. Халық үніне құлақ асатын мемлекет екендігін тағы да дәлелдеп, тұрғындар көтерген әлеуметтік-маңызды салаларға да тың серпін беретін жобаларды ұсынды» - деді депутат Серік Есматов.

«2022 жылғы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жолдауының ерекшелігі жылдағыдан ауқымы кең, мазмұнды болды. Білім саласына аса назар аударып, «тәрбие тал бесіктен басталады» деп бастады. Біріншіден, балабақша тәрбиешілерінің жалақысын көтеру керек. Сондай-ақ, мектептерде сапалы білім берудің маңыздылығы айтылды. Президент Жолдауының ел халқының күнделікті өмірінің осындай маңызды аспектілерін қозғағаны қуантады", - деді депутат Арайлым Шамова.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы келесі басымдықтарды айтты:


  • Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ, халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады.
  • «Сән - салтанат салығын» енгізуі. Мұның орта тапқа қатысы жоқ, бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады.
  • Ең төменгі жалақы деңгейді 60-тан 70 мың теңгеге дейін көтеру тапсырылды.
  • Білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие де беріледі.
  • Студенттер жатақханамен қамтамасыз етілуі тиіс. Мемлекет, жоғары оқу орындары мен құрылыс компаниялары белсенді ынтымақтасуы қажет.
  • 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылады. Балалардың ең маңызды шағында – сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болады.
  • Отбасылық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайтатын кез келді. Бірақ, қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды.
  • 2022 жылдың күзінде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу ұсынылды. Сондай-ақ, президенттік өкілеттіктердің саны мен ұзақтығын қайта қарау, атап айтқанда оны бір мерзімге (7 жылға) шектеу және қайта сайлауға тыйым салу ұсынылды.
  • 2023 жылдың бірінші жартысында Мәжіліс пен барлық деңгейлі мәслихаттар сайлауы өтеді.



Дереккөз: Алматы қаласы Мәслихатының баспасөз қызметі.