Сарапшылар бірнеше ұсыныс дайындаған
Елдегі қоғамдық кеңестердің айтқан мәселелері тек ұсыныс ретінде қалып жатыр. Былтырдан бері қоғамдық бақылау туралы заң жобасы әлі талқыланып, қабылданбай келеді. Бүгін Қазақстанның қоғамдық даму институты сарапшылармен, саясаттанушылармен және қоғам қайраткерлерімен бірігіп, аталған ұйымның жұмыс сапасын арттыру мәселесін талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сарапшы Елдос Жұмағұлов естушы мемлекет тұжырымдамасына сәйкес, жергілікті қоғамдық кеңестердің мәртебесін көтеру керек деген ойда.
«Мемлекет басшысының, жалпы қоғам тарапынан сұрақтар бар. Жаңа айтып өттім. Оны пәрменді қылу. Қоғамдық бақылауды, оны ашық қылу. Шын мәнінде оларды, мысалы қоғамдық кеңестердің қазіргі көбінесе ұсыныс ретінде қабылданады. Егер де ол ашықтық жағынан шын мәнінде бір тиісті деңгейде болатын болса, оның әсер болады», – деді Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Елдос Жұмағұлов.
Қазір қоғамдық кеңестердің сөзі өтпейді. Енді кеңес мүшелерінің қозғаған мәселелері заңды түрде орындалуы үшін арнайы заң жобасы дайындалып жатыр. Онда дәл осы қоғамдық кеңеске салмақ қосу, айтылған проблемалары қалып қоймай, толық шешілу тетіктері жазылған екен. Бүгін сарапшылар бірнеше ұсынысын дайындап келіпті.
«Біріншіден, қазір өзекті болып тұрған мәселелерді ашық көрсетуіміз керек. Мәселен, зорлық-зомбылық тақырыбы. Қаңтар оқиғасынан кейін полицейлер тарапынан осындай әрекеттер көптеп болды деген шағымдар айтылды. Бірақ айтылған күйі қалды. Біз қоғамдық кеңес мүшелері осындай мәселелер елеусіз қалмаса дейміз. Нақты шара қолданылуы керек», – деді ҚР ІІМ Қоғамдық кеңесінің мүшесі Баян Тойкебаева.