|
17.03.2022 | 19:08
773

Президенттің бастамаларына бүкілхалықтық қолдау қажет – Сенат депутаттары

Ақылбек Күрішбаев бейбітшіліктің қаншалықты маңызды екенін жете түсінуіміз керек деді

Президенттің бастамаларына бүкілхалықтық қолдау қажет – Сенат депутаттары Almaty.tv

Азаматтардың мемлекеттік билікке деген сенімін арттыру аса маңызды. Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев кешегі Президент Жолдауында айтылған мәселелер билік пен халық арасын одан әрі жақындатады деген пікірде. Сонымен қатар Мәжіліс пен Сенат депутаттары Президент бағытына бүкілхалықтық қолдау қажет, Жаңа Қазақстанды құруға әр адам өз үлесін қосуы керек деп санайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мемлекет басшысының әділетті және құқықтық мемлекет қалыптастыру жолында Конституциялық сот құру туралы ұсынысы азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайтатыны анық. Осылай деген сенатор Ақылбек Күрішбаев әсіресе Қаңтар оқиғасынан кейін бейбітшіліктің қаншалықты маңызды екенін жете түсінуіміз керек деді.

«Конституциялық сот деген қарапайым азаматтардың құқығын қорғаудың ең жоғарғы сатысы. Бұрын ондай жүйе бізде болмаған. Енді әрбір азамат, Бас прокуратура және омбудсмен өкілдері арқылы жоғарғы сотқа, конституциялық сотқа шығады. Бұл жерде конституциялық сот шешім қабылдайды. Заңның өзіне олар сараптама жасайды», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев.

Президенттің «Сайлауалды науқанында уәде беріп, тиісті жұмысын атқармай, берген уәдесін орындамаған депутаттар қайтарылатын болады» дегені дұрыс шешім дейді Парламент сенаторы Мұрат Бахтиярұлы. Сол арқылы халықтың мұң-мұқтажын тыңдайтын депутаттар саны көбейетініне сенімді.

«Әлемде сайланған депуттардың барлығы үйіп-төгіп уәделерін береді. Барлық жерде бар, Американың өзінде де бар. Бірақ оның бәрі орындалуы мүмкін емес. Көпшілігі кейде қаражатына байланысты болады. Бірақ негізгі стратегиялық бағыттарды орындап жататын болса, ол мықты депутат», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бахтиярұлы.

Ең алдымен, біз суперпрезиденттік басқару формасынан күшті Парламенті бар президенттік республикаға көшетінімізді атап өткен жөн. Осылай деген депутат Саясат Нұрбек бұл билік институты мен елдің тұрақты дамуының оңтайлы теңгерімін қамтамасыз етеді дейді.

«Парламент күшеюі, басқа да мажоритарлы пропорционалды жүйеге көшуі өңірлерден тікелей депутаттарды сайлауға мүмкіндік беруі өте маңызды. Екіншіден, Конституцияға үлкен өзгерістер енгізіледі. Енді саяси экономикалық кадрлық монополияға жол кесіледі. Бұл өте маңызды шешім», - деді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Саясат Нұрбек.

Осылайша, депутаттар Президенттің бағытына бүкілхалықтық қолдау қажет екенін жеткізді. Бәрі бірауыздан Жаңа Қазақстан құру – Тәуелсіздікті нығайту кепілі дегенді алға тартты.

Қаламқас Нысанбай, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир