7 жылдық мерзімге Президентті сайлау билікті монополизациялауға мүмкіндік бермейді — Жүрсін Ерман

11.09.2022 00:28

Ақынның айтуынша, бұл – ел өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі

nur.kz

Ақын, қазіргі айтыс өнерінің ұйымдастырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы мәлімдемесіне қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ақынның айтуынша, бұл – ел өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі.

 

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы ұсынысын білдірді. Осы мәселе төңірегінде әңгіме жүріп жатыр. Біріншіден, бұл ұсыныс қабылданса, ендігіде ҚР Президенті бір реттік 7 жылдық мерзімге сайлана алады. Қайтадан сайлауға түсе алмайды. Бұл конституциялық норма болады. Мұның не артықшылығы бар? Біріншіден, 7 жыл - тарих үшін үлкен уақыт. 7 жылға президент сайлау - посткеңестік елдердің тәжірибесінде болмағанымен, әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Израильде, Арменияда сондай. Францияда да сайлаудың осы түрін қарастырып жатыр. 7 жылдық мерзімге президент сайлау жоғары билікті монополизациялауға мүмкіндік бермейді. Қайтадан сайланбайтынын білген президент 7 жыл ішінде алаңсыз елдің ішкі-сыртқы мәселелерін шешумен айналысады. Келесі жылы сайлаудан өтем бе, өтпеймін бе деп бас қатырмайды», - дейді Жүрсін Ерман.

Оның сөзінше, Президенттің бастамасымен елімізде үлкен саяси өзгерістер болып жатыр.

«Елімізде біраз саяси өзгерістер болып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев бірталай өзгерістерді бастап та кетті. Президентіміз өзі бастаған үлкен реформаларды өзі аяқтауына мүмкіндік беруіміз керек. Оған уақыт керек», - деп пікірін бөлісті ақын.

Жүрсін Ерманның айтуынша, Тоқаевтың билік басында отыруына лайық екенін халық та біліп отыр. Сондай-ақ Президентіміз осы кезде Қазақстанның абыройын биікке көтеріп, басқалардың доқ көрсетуіне мүмкіндік бермей, өзінің берік позициясын ұстанып, бір елдің тізгінін ұстап отыр дейді ақын.

«Әлеуметтік желіден естіп-біліп отырмыз, оппозициялық күштер Тоқаевқа қарсы кандидат ұсынбақшы. Бірақ қазіргі кезде Тоқаевпен тең түсе алатын адамның жоқтығын халық та көріп отыр. Тоқаев Премьер-Министр де болды, Сенатты да басқарды, БҰҰ-да да бас хатшының орынбасары болып қызмет етті. Ол – халықаралық деңгейде беделге ие болған аса тәжірибелі дипломат, қанша жыл билікте жүрсе де, соңынан сөз ермеген адам. Қазіргі кезде алпауыт мемлекеттер бір-бірімен тіресіп жатыр, соғыс та болып жатыр. Президентіміз осы кезде Қазақстанның абыройын биікке көтеріп, басқалардың доқ көрсетуіне мүмкіндік бермей, өзінің берік позициясын ұстанып, бір елдің тізгінін ұстап отыр. Сондықтан да онымен терезесі тең келетін басқа ірі тұлға қазір көрініп тұрған жоқ», - деді ақын.

Ақын халықтың 7 жылдық мерзімге сайлауға келісім беріп, сайлауда Тоқаевты қолдайтынына кәміл сенеді.