Бірінші кезеңін 2023 жылға дейін аяқтауды тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында Алматы қаласындағы 2-Жылу Электр Орталығында жаңа бу-газ қондырғысын салу туралы ұсынысты қолдады. Осы ретте Президент оңтүстік астанадағы энергия кешенін дамыту қажеттігіне басымдық беріп, шаруаның бірінші кезеңін 2023 жылға дейін аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгінде елімізде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында стратегиялық маңызы зор инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда. Осы ретте Президент мегаполистегі еліміз үшін маңызды жылу электр орталықтарын жандандыру мәселесіне басымдық берді. Одан бөлек, жалпы оңтүстік өңірде 1000 мегаватт жаңа өндіруші қуаттарды іске қосып, Алматы мен Алматы облысында кабельдік желілерді қайта құру қажет екенін айтты.
«Жергілікті жерлерде инфрақұрылымды жаңғырту мәселесі бұрыннан пісіп-жетілген. Мен Алматының энергия кешенін дамыту мен қоршаған ортаны қорғаудың маңызды мәселесіне назар аударамын. Үкіметке «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп, ЖЭО-2-ні газға ауыстыруды тапсырамын», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы тұста, Президент берілген тапсырманы орындау үшін алдымен екінші жылу электр орталығын газға ауыстырудың құны мен техникалық шешімін түпкілікті анықтауды тапсырды. Айта кету керек, Үкімет бұған дейін де көмір электр станциясын жаңғыртудың орнына жаңа бу-газ қондырғысын салуды ұсынған еді. Бүгінде мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапқан бұл жобаны орындау мерзімі 2026 жылдың соңы деп белгіленді.
Қазақстан халқына жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы мен Алматы облысының инфрақұрылымдық және инженерлік мәселелеріне ерекше тоқталып, үкіметке бірқатар тапсырма берді. Енді алдағы уақытта үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесе отырып, екінші жылу электр орталығында бу-газ қондырғысын салуы қажетт. осы ретте Президент үшінші жылу электр орталығын жаңғыртып, бірінші жылу электр орталығын кеңейту мәселелеріне де ден қойды. Бүгінде оңтүстік астанада басымдық беріліп отырған бұл бастаманың бірінші кезеңінің аяқталуы 2023 жылға жоспарланбақ. Барлығы аталған жобаға салынған инвестиция көлемі 1 триллион теңгеден асады.
Еске сала кетсек, 2021 жылы мамырда президент Алматыда екінші жылу электр орталығын газға көшіру стратегиялық маңызы бар мәселе екенін айтқан. Бүгінде мемлекет басшысының бұл бастамасын еліміздің экологтары да қолдап отыр.
«Бұл жерде экологиялық ұйым ретінде біздің өз ұсыныстарымыз бар. Әрине, егер ол мәселе іске асатын болса, Алматы қаласының экологиясы әжептеуір дұрысталушы еді. Сонымен қатар, энергетикалық кешендерді оңтүстік облыста көбейту – бұл да энергетикалық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ететін болады», – деді «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртай.
Алдағы уақытта стратегиялық инвесторлардың қатысуымен еліміздің түрлі өңірінде шамамен 2400 мегаваттық қосымша қуат көздері іске қосылмақ.
Аяулым Көлжігіт, «Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы