Ерлан Тынымбайұлы жарияланған реформалардың жаңаша бастамаларға бастау болатынын айтты
Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің төрағалығымен бүгін Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бірінші отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өз сөзінде жолдаудың негізгі тезистеріне тоқталған Ерлан Тынымбайұлы жарияланған реформалардың жаңаша бастамаларға бастау болатынын да айрықша айтты. Әр саладағы буын өкілдерінің басын қосқан отырыста аталған кеңес өкілдерін Мәжілістің жұмыс тобы құрамына енгізу де ұсынылды.
«Бүгін Кеңестің отырысы өте ашық форматты өтіп жатыр. Көкейде жатқан сұрақтар, тек Жастар саясаты бойынша емес, жалпы қоғамда болып жатқан, халықтың көкеінде болып жатқан мәселелер көтеріліп жатыр. Бұл маңызды. Өйткені, қоғамда болып жатқан мәселе жастармен тығыз байланысты», - деді кәсіпкер, ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты кеңесінің мүшесі Олжас Сүлеймен.
Айта кетейік, Жастар саясаты жөніндегі кеңеске Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов де қатысты. Сұрақ-жауап форматында жалғасқан кездесуде кеңес мүшелері мемлекеттік органдардың басшыларына өз сұрақтары мен ұсыныстарын жолдай алды.