Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы халық арасында қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақстанның Еңбек Ері, кино және театр әртісі Асанәлі Әшімов те Жолдау жайында пікір білдірді.
«Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан халқына Жолдауындағы кезектен тыс сайлау, 7 жылдық мерзімге сайлау – бұлар құлаққа қонатын әңгіме. 7 жыл қызмет істейтін іскер адамға аз мерзім емес. Қазақ ұғымында 7 деген киелі сан. Ұлыларымыздың да айтып кеткен сөздері бар. Президенттің осыған қатысты ойы, көзқарасы ұнайды. Ғылым академиясын орнына қою жақсы бастама. Әсіресе, Ұлттық қордан 18 жасқа дейінгі балаларың есебіне қаржы аударып отыру – ата-ана үшін үлкен көмек. Ұлы мәселенің өзі кішкентай нәрседен басталады», – деді Асанәлі Әшімов.
Сондай-ақ халық әртісі жалған ұран сөзбен емес, іспен дәлелдейтін уақыт жеткенін айтады.
«Қазақстан жан-жақты жаңаруы керек. Ұранмен емес, жаңа іспен өсуіміз керек. Талай қиыншылықтан халқым өтер, бірақ қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман келер деп еді бабаларымыз. Сол заман келген болуы керек. Халықтың әл-ауқаты, мәдениеті, әдебиеті, ғылымы өсіп жатыр. Ғылым академиясы соған дәлел. Біздің Президентіміз дипломат, сауатты, қарапайым, сонысымен халыққа ұнайды», – деді Асанәлі Әшімов.
Оқи отырыңыз: Абай атындағы ҚазҰПУ ұжымы Президент Жолдауын талқылады