Еліміздің білікті профессорлары мен ғалымдары Президент Жолдауын талқылады

Еліміздің білікті профессорлары мен ғалымдары Президент Жолдауын талқылады
Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз». Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Еліміздің білікті профессорлары мен ғалымдары мемлекет басшысының пайымын жоғары бағалауда. Олар жас ғалымдарды ынталандыру, зерттеу инстуттарын тікелей қаржыландыру сынды шаралар саланың қарқынды дамуына оң ықпал ететіне сенімді.

Ел Президенті өз жолдауында ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін үш жылдан бес жылға дейін ұзарту міндетін қойды. Ғалымдар тым қысқа уақытта ауқымды тақырыптарды кешенді түрде, жан-жақты зерттеу мүмкін еместігін айтады. Ал, мемлекет басшысы ұсынған игі бастама ғылыми жобалардың сапасын жаңа деңгейге шығаруға септігін тиізеді дейді.

«Іргелі зерттеулерге бір немесе үш жыл өте аз. Ол – бір. Екіншіден, белгілі бір ұзақ мерзімді нәтижеге жету үшін, әсіресе, жаратылыстану ғылымдарының саласында осындай мерзімді қажет етеді. Бізде жас ғалымдарды даярлауда да бұл көп өзінің ықпалын тигізер еді. Себебі студент магистрант немесе PhD докторанттар осындай жобаларға міндетті түрде тартылады. Оларды жас ғалым ретінде тәрбиелеп шығуға бұл мерзім өте қолайлы», – деді саяси ғылымдарының докторы, профессор Гүлмира Сұлтанбаева.

Елімізде жыл сайын ғылымды қаржыландыру көлемі ұлғайып, оған бет бұрған жас мамандарға үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Ал, Жолдау аясында іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру қолға алынбақ. Енді ғылыммен айналысатын жастар жұмыссыз қалмайды. Қасым-Жомарт Кемелұлының биылғы жолдауына қатысты пікір білдірген жастардың ойы да осыған саяды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жолдауында ғылым саласына ерекше көңіл бөлді. Ғылыми институттардың тікелей қаржыландыруын тапсырды. Бұл біз секілді жас ғалымдар үшін мүмкіндік», – деді Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ 3-курс докторанты Гүлзат Каналбек.

Соңғы Жолдауында мемлекет басшысы еліміздің IT саласындағы мақсат-міндеттерді айқындап берді. Ол – Еуразияның басым бөлігінде орталық цифрлық хабқа айналу. Ендігі меже – жастарға қолдау көрсете отырып, кемінде 100 мың білікті ІТ-маман даярлауды тапсырды.  

«IT мамандары шынымен де тапшы. Сондықтан Үкімет Мемлекет басшысы қойған міндеттерді ескере отырып, бұл мәселені шешуі керек. Біз білім беру бағдарламаларымызды жақсартып, жаңа технологияларды интеграциялап, өндіріспен тығыз жұмыс істеуге тиіспіз. Бізге жаңа форматтағы мамандар қажет», – деді ХАТУ Ғылыми және халықаралық қызмет жөніндегі проректоры, PhD доктор Евгения Дайнеко.

Одан өзге, Президент Үкіметке ғылым саласындағы негізгі түйткілдерді анықтап, шешімін табу үшін жыл соңына дейін Заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, жетекші ғалымдарға лайықты жалақы төлеу мәселесін көтерді.

Сымбат Ноғай, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров