Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев президенттің Қазақстан халқына Жолдауын жан-жақты талқылау мақсатында кеңейтілген отырыс өткізді. Шаһар басшысы жолдауды іске асыруға дереу кірісу – ортақ міндет екенін қадап айтты. Тақырыпты Almaty.tv тілшісі толықтырады.
Алматы басшысының төрағалығымен өткен қала активіне әкімнің орынбасарлары мен мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес және жастар ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ бизнес саласының мамандары қатысты. Шаһар басшысы «Жолдау аясында Алматы үшін аса маңызды танылатын бағыт – кәсіпкерлікті дамыту, инфляцияға қарсы әрекет ету мен мемлекеттік қаржыны тиімді пайдалану»,– деп атап өтті. Сондай-ақ, қала экономикасының тұрақты өсуін қамтамасыз ету де алда тұрған басты міндеттің бірі болмақ.
«Президент елде не істеу керектігі жөнінде өте анық және айқын айтып өтті. Сондықтан, біздің ортақ міндетіміз – Жолдауды іске асыруға дереу кірісу. Бұл жұмысты ұйымдастырудағы қала активінің атқаратын рөлі мен жауапкершілігі ерекше», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Қала басшысы пандемияға қарамастан, Алматы экономикасының қалпына келуде жоғары қарқын көрсетіп жатқанын атап өтті. Бұл ретте қысқа мерзімді индикатордың өзі 109,1 пайызды көрсетіп отыр. Сондай-ақ, жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы-2025», «Еңбек», «Алматы бизнес-2025» сынды бағдарламалардың аясында жалпы құны 191,6 млрд теңге болатын 1200-ден аса жоба мақұлданған. Өз кезегінде бұл 2 жарым мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
«Бизнес үшін, әсіресе орта және шағын бизнесі басты орында тұрған Алматы үшін экономикалық маңызы бар бағдарламалардың мерзімін ұзарту маңызды болып тұр. Бұл өз кезегінде бірқатар сұрақтарды да туындатты. Қоғамдық кеңес өкілдері сол сұрақтар бойынша жұмыс атқарады», – деді Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов.
Ендігі міндет- Алматыда көтерме-бөлу орталықтарының желісін құру. Осылай деген қала басшысы өндірушілердің тек сауда желілеріне емес, өнімді сақтау және тасымалдау сынды технологиялық операцияларына қолжеткізуі керек екенін де атап өтті. Бұл өз кезегінде делдалдар тізбегінің қысқаруына әсер етпек.
«Жолдауды іске асыруда өкілетті органдарда бірлесіп белсенді жұмыс атқаратын болады. Сондықтан, біз кеше мәслихаттың барлық фракцияларымен кездесу өткізіп, жолдауды жүзеге асыру үшін біртұтас және нақты позиция әзірлеп, өзара тығыз жұмыс істеу жөнінде шешімге келдік», – деді Алматы қаласы мәслихатының хатшысы Станислав Канкуров.
Жолдауда мемлекет басшысы абаттандыру мен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бюджетіне халықтың қатысуын 10 есеге арттыруды тапсырған еді. Ал Алматыда екі жыл ішінде саябақ, аулалар мен скверлерді абаттандыру және қоғамдық орындарды жарықтандыру мен жөндеуге 7,3 млрд теңге болатын 322 жоба жүзеге асқан еді.
«Алматылық партияластар мемлекет басшысының Жолдаудағы бастамалар мен тапсырмаларының, өзіңіз Бақытжан Әбдірұлы қойып отырған тапсырмаларды сапалы орындап, қоғамдық бақылауда ұстайтын боламыз. Ол үшін бізде тиісті қоғамдық кеңестер құрылған», – деді «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейіржан Отыншиев.
Айта кетейік, Президенттің Қазақстан халқына жолдауы аясында қала әкімшілігі нақты жоспар бекітіп, атқарылуы тиіс жұмыстардың тізімін нақтылады. Сондай-ақ, Бақытжан Әбдірұлы тиісті мамандарға бір апта ішінде жолдауды түсіндірудің ақпараттық құрамын жасақтау мен медиа жоспарды бекітуді тапсырды.
Мадина Оқас,«Алматы» телернасы