Бүгін қала әкімі 600 орынға арналып салынған жаңа корпуспен танысты
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды тапсырды. Бұл ретте Алматыда мектептер санын көбейту қарқынды жүріп жатыр. Биыл 8 мемлекеттік мектеп пен 17 жаңа корпус салынбақ. Бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығын тексерді. Мегаполис басшысы бірқатар білім ордасына барып, мектептердегі санитарлық нормалардың қаншалықты сақталғанына назар аударды. Түрленген мектептерді көріп, енгізілген жаңашылдықтармен танысты. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.
Бүгін қала әкімі 600 орынға арналып салынған жаңа корпуспен танысты. Бұл қалалық №38 гимназияны кеңейтуге мүмкіндік бермек. Қазір қалада 8 мемлекеттік мектеп пен 17 жаңа корпус бой көтеруде. Соның жетеуі жаңа оқу жылында қолданысқа берілді. Орта мектептердегі орын тапшылығына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында да тоқталып, 2025 жылға дейін мектептер санын одан әрі арттыру керектігін айтқан еді. Алматыда бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғаса бермек.
Ал, бұл №12 гимназия 1924 жылы қалада ашылған тұңғыш мектеп. Қазақ мектептерінің қара шаңырағына айналған білім ордасына бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев арнайы ат басын бұрды. Қазақтың кіл қаймағы түлеп ұшқан мектептің бүгінгі жайына оң бағасын беріп, оқушылармен тілдесті. Өрендерге сәттілік тіледі. Мұнда қазір 1760 оқушы білім алады. Оның ішінде 163 бала мектепке алғаш қадам басты.
«Санталапқа сай әрбір кабинетте диспенсер, санитайзер, ауа тазалайтын клеверин, рециркулятор бар. Сондай-ақ, әр бала маскаменен оқу партасында отырады», – деді Ш.Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназияның директоры Жанат Бекжанова.
Бала денсаулығымен қатар оның өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де көп көңіл бөлініп жатыр. №143 лицейдің кіре берісіне турникеттер орнатылған. Бақылау жүйесі балалар мен ата-аналардан бөгде адамдардың ішке кірмеуін және келушілердің денсаулық жағдайын бақылайды.
№174 мектепте инклюзивті білім беру әдісі енгізіліп, мұнда электронды кітапхана да жұмыс істейді. Сонымен қатар, жалпы мектеп кітапханалары қайта жөнделіп заманауи сипатқа енген. Керекті құрылғылармен жабдықталған. Ал, №162 мектеп биылғы оқу жылында балалардың таза ауада сабақ өтіп, үзілістерде ой сергітуіне арналған көгалданған аймақ әзірлепті. Мектепке келген Бақытжан Сағынтаев жасыл желекті қызықтаған жастарға куә болып, ата-аналармен тілдесті.
«Балалар қатты шаршайды сабақтан. Мысалы, қазіргі эпид жағдайға қарағанда кешке шейін кабинетте отырғаннан гөрі шығып мына жерге таза ауада кейбір сабақтар мысалы экология деген сабақтарды өтуге болады деп ойлаймын. Балаларға өте керемет жағдай жасалған», – деді ата-ана Айжан Қыдырова.
«Көрген кезде қатты таңқалдым. Қуанышты болдым. Мысалы, қоңырау кезінде далаға шығып таза ауада кітап оқи аламыз немесе өткен сабақтарымызды достарымызбен бірге ақылдаса аламыз», – деді оқушы Зейнеп Мұсабекова.
№95 мектепте әскери-патриоттық «Жас сарбаз» сыныбы ашылды. Мұнда виртуалды атыс тирі іске қосылған. Бұндай жаңашылдық арқылы ұландар қырағылық пен тәртіпті меңгеріп, әскери тактикаларды үйренеді.
«Онда 5-сынып балаларынан бастап әскери білімін жетілдіреді. Біз шекарашылармен, әскерилермен тығыз байланыстамыз. Балаларға түрлі экскурсия жасалады. Мұның бәрі түптеп келгенде отансүйгіштікке тәрбиелейді», – деді қалалық №95 жалпы білім беретін мектептің директоры Айнұр Сабирова.
Сондай-ақ, Алатау ауданындағы №180 мектептің спорт алаңы қайта жаңғырған. Мұндай спорт алаңы де оқушылардың игілігіне жарауда.
Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы