Президент бүгінгі жолдауында еліміздегі ғылым саласын дамытуға ерекше тоқталды
Агроөнеркәсіп кешені қолданатын технологияның 90 пайызы әбден ескірді. Ел Президенті бүгінгі жолдауында баса назар аударған тағы бір мәселенің бірі осы – ауыл шаруашылығы. Бұл бағытта технологиялық құралдарды қайта жабдықтауды жаңарту керек екенін айтты. Ол үшін нақты шаралар қабылданбақ? Алға қойған міндеттер қандай? Ұлттық экономикамыздың негізі болған ауыл шаруашылығы туралы толығырақ Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын баяндайды.
Саябек Қуанышбекұлы – отбасымен бірге түрлі ғылыми бағытта қызмет етіп келеді. Бұл саладағы бір әулеттің еңбегі 100 жылға жуықтайды. Президент бүгінгі жолдауында еліміздегі ғылым саласын дамытуға ерекше тоқталды. Оларға лайықты жалақы төлеу мен бұл саладағы түйіткілді мәселерді шешу үшін жылдың соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігін баса айтты.
«Бұрын-соңды мысалы гранттық қаржыландыру 3 жылға созылатын. 3 жыл біткеннен кейін ғалымдар тағы алаңдай бастайды. Қайтадан жоба дайындай бастайды. Қазір 3 жылдан 5 жылға дейін созу айтылып отыр. Бұл ғалымдардың еңсесін көтеріп, одан сайын зерттеуін тереңдетіп айналысуға үлкен мүмкіндік береді», – деді Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің HUB директоры Саябек Сахиев.
Сонымен қатар, Ел Президенті ауа-райының қолайсыздығына байланысты мал шаруашылығы да қалыс қалып келе жатыр дейді. Жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейткен жөн. Сондай-ақ, егіс алқабына әр жылы әртүрлі дақыл егіп, оған бақылау жасау керегін айтты. Ол үшін ғарыштық мониторинг және қашықтан зондтау мүмкіндігін кеңінен қолдану әдісін ұсынды.
«Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажет. Олардың құқықтық мәртебесі және көрсетілетін қолдау тәсілдері «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» бөлек заңда көрініс табуы керек. Үкімет бұл заң жобасын өте қысқа мерзімде әзірлеуге тиіс», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстанда жыл сайын 2 триллоннан астам қаржы субсияға бөлінеді. Оның 350 млрд теңгесі ауыл шаруашылығына бағытталады. Президент бұл қаражаттың, әсіресе, өңдеу өнеркәсібінде тиімсіз жұмсалып жатқанын айтты. Түйткілдің бірі – бірқатар шағын және орта шаруашылықтар субсидияға қол жеткізе алмай отыр. Сонымен қатар, Президент ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету екенін еске салды.
«Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті, экспортқа бейімделген агроөнімдердің көлемін арттыруды тапсырды. Еңбек өнімділігін екі жарым есеге, ал экспортты екі есеге көбейту міндеті қойылып отыр. Сондықтан бұл ретте негізгі сұрақтарға ерекше тоқталып өтті», – деді Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры Тілектес Есполов.
Мал басының амандығы және оның өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Сол себепті Президент ветеринария саласын жетілдіру керектігіне тоқталып, алдағы уақытта мал дәрігерлерінің жалақысын көбейтуді, сондай-ақ оларды кәсіби тұрғыдан даярлау ісіне жіті көңіл бөлуді тапсырды.
Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы