|
01.09.2021 | 21:43
1094

Президент республика азаматтарын өркениетті диалог пен өзара сыйластық мәдениетін дәріптеуге шақырды

Бүгінгі Жолдауда мемлекет басшысы қоғамда қызу талқыға түскен тіл мәселесін де қозғады

Бүгінгі Жолдауда мемлекет басшысы қоғамда қызу талқыға түскен тіл мәселесін де қозғады. «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар, ол – Қазақ тілі», деген президент бұл салада айтарлықтай нәтиже барын да атап өтті. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Жолдауда тіл тақырыбы тайға таңба басқандай, дәлдікпен нақтыланды. Бүгінде қазақ тілінің қолдану аясы кеңейіп келеді деген президент «Мемлекеттік тіл өрісі шектеліп жатыр деп дабыл қағуға негіз жоқ», дейді. Ал, орыс тілі Конституцияға сай, Қазақстанның ресми тілі саналады. Сондықтан, ел басшысы  республика азаматтарын өркениетті диалог пен өзара сыйластық мәдениетін дәріптеуге шақырды.

«Қазақ тілін дамыту  мемлекеттің саясатының басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Болашағын отанымен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар қашан да айрықша міндет атқарған», деді ел президенті. Сондықтан ол зиялы қауым өкілдерін кешегі бір ауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге оздырған ұлт ұлағатын жалғауға шақырды. Айта кетейік, мемлекет басшысы бүгінгі жолдауда 2022-2025 жыл аралығында мәдениет қызметкерлері мен мұрағатшылардың, кітапханашылардың жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіруді тапсырды.

«Мәдениет саласына гранттар бөліп, мәдениет өкілдеріне көңіл бөліну жөнінде сөз қозғалды. Шындығында да, мәдениет өкілдерінің әлеуметтік жағдайына басты назар аудармай, олардың әлеуеметтік жағдайы жақсармай, біздің мәдениетіміздің көтерілмейтіні ақиқат», – деді Н.Тілендиев атындағы мемориалдық мұражайдың жетекшісі Ернат Ысқақ.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына жолдауы негізінен көпсалалы мемлекетіміздің барлық саласын қамтыды. Соның ішінде біз осы мәдениет саласында жүргеннен кейін мәдениет туралы да көптеген көңілге қонымды жайттар айтылды», – деді Алматы музейінің жетекшісі Бақберген Тайшеев.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әл-ауқатын арттыруға нақты бес бастаманы бекіткен еді. Оның ішінде азаматтық қызметкерлердің жалақысын өсіру мәселесі де қарастырылды.

Мадина Оқас

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир