Біз үшін ең бастысы – ауылдарды сақтап қалу және ондағы тұрғындардың өмір сүру салтын жақсарту
Біз үшін ең бастысы – ауылдарды сақтап қалу және ондағы тұрғындардың өмір сүру салтын жақсарту. Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев ауылдық жерде тұратын халыққа жағдай жасау өте маңызды деп санайды. Президенттің агроөнеркәсіп саласын жаңғыртуға қатысты берген тапсырмасын Үкімет жүзеге асырса, ауылдарымыздың гүлденетініне сенімді екенін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv
«Ең үлкен мәселелердің бірі – ауылдық мекендерді дамытуға қатысты нақты тапсырмалар берілді. Ауылдық елдімекендерді дамытпай, біз ауыл шаруашылығын дамыта алмаймыз. Себебі сол ауылдық жерлерде, сол ауыл шаруашылығында, аграрлық секторда жұмыс жасайтын азаматтар тұрады, сол жерде өмір сүреді. Олардың өмір сүру стандарты да, осы қаладағы өмір сүру стандартына тең болу керек», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев.
Ал, Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бахтиярұлы Президенттің жолдауында айтылған барлық мәселе алдағы бір жылда шешімін табуы керек дейді. Себебі Жолдауда айтылған бастамаларды орындауда Үкімет пен Парламенттің орны ерекше. Аталған тапсырмаларды заңды тұрғыда бекіту керектігін алға тартты.
«Жалпы Жолдаудың көпшілігі – мемлекеттің бір жылдық стратегиялық саясаты. Сондықтан да бұны орындау міндетті. Өйткені оның қаржысы бар. Үкімет оны орындаушы, Парламент соның заңдық негізін жасаушы. Сондықтан да, біз осы Президенттің жолдауына қатысты заңдық базалық нормативтік құқықтық актілерді Парламент депутаттары, оның ішінде Сенат депутаттары толыққанды қолдап, оны заңдық тұрғыда бекітіп беруге мен дайын деп есептеймін», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бахтияұлы.