Алматыда түнгі мекемелерге қанша жерден тосқауыл қойылса да, жұмыс жасауын тоқтатар емес. Сол себепті арнайы құрылған мониторингтік топтар күні-түні рейд жүргізіп жатыр. Нәтижесінде Алмалы мен Медеу ауданының тексеріс тобы 2 нысанның жұмысын әшкереледі. Тіпті, қашып құтылғысы келгендер де болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әуелі Алмалы ауданының тексеруші тобы Қабанбай батыр көшесінің бойында орналасқан мекеменің үстінен үсті. Мұндағылар есікті ішінен құлыптап алып, ашқысы жоқ. Алайда бәрі бос әурешілік екенін түсінген соң өздері ашпасқа амалы қалмады. Анықталғандай, бұл нысан адамға лық толы екен.
Кейін барлық келуші мен қызметкерді арнайы көлікке отырғыза бастағаны сол еді қонақтардың бірі қаша жөнелді.
Мамандар көп ұзамай оны да қолға түсіріп, басқалармен бірге полиция басқармасына алып кетті.
«Аудан бойынша 4 мониторингтік топ жұмыс жасап жатыр. 2 топ күндіз. 2 топ түнде. Қала тұрғындарына айта кетсек қызыл аймақта болғаннан кейін үйде отырып, талаптарды сақтағаны дұрыс болушы еді», – деді Медеу аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Ғапур Бақтияр.
Артынша Медеу аудандық тексеріс тобы да жасырын жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлік нысанды анықтады. Олар алдын ала ішке еріктілерді жіберіп, есікті оңай ашып алды.
Қазір қаладағы түнгі мекемелердің біріндеміз. Әдеттегідей бұл нысан да карантин ережелерін бұзғаны өз алдына, санитарлық талаптар мүлде сақталмаған. Қазір, мамандар тиісті шараларды жүргізіп жатыр.
Ал, мына бір мекеме қызметкері карантинде жұмыс жасауға болмайтынын мүлде естімеген. Тіпті, білмейтін де сияқты.
Кейін бұрыш-бұрышқа, тығылып үлгергендердің барлығын да шығарып, мекеме әкімшісіне хаттама толтырды. Мұнда 40-қа жуық адам болған.
«Біздер күні-түні мониторингтік топтармен бірге жүреміз. Мұндағы басты мақсатымыз барлығының заң аясында әділ болуын бақылаймыз. Яғни, сыбайлас жемқорлық, таныс дегендерді болдырмас үшін жүрміз», – деді ерікті Нұржан Жасұзақов.
Еске салайық, қала қызыл аймақта болғандықтан күшейтілген рейд жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса береді. Егер карантин талаптары бұзылған жағдайда, әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл арқалайсыз.
Мерей Қанапиянов, Рашид Шүкіралиев, «Алматы» арнасы