Мамандар өрттің шығуына қауіпсіздік ережелері сақталмауынан деген болжам жасап отыр
Жойқын жарылыс болса, тұрғындар зардап шегуі мүмкін еді. Алматыда кеше кешке өндіріс орталығында болған өрт авто-цистернадан тұтанған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның қасында 150 тонналық резервуар тұрған. Егер төтеншеліктер дер кезінде әрекет етпегенде салдары мүлдем басқаша болар еді дейді мамандар.
Лезде лап берген тілсіз жауды тізгіндеу үшін Төтеншеліктердің толық бригадасы тұс-тұстан көбік атқылап, барынша отты өшіруге тырысқан. Автоцистернадан бастап жанып, кейін көрші 80-90 тонналық цистерналарды шарпыған.
Жанармай толы цистерналарға жақындау мүмкін болмады, алайда аздаған уақытта қызыл жалынның соңғы ошағын әрең өшірді. Өрт аумағына алғаш келген қызметкер, қызыл жалынға жақындаудың өзі мұң болды деп отыр.
«Келген кезде автоцистерна толықтай жанып жатты. Оттың жоғары температурасына байланысты, қасына жақындау мүмкін болмады. Қаншалықты өмірге қауіпті болғанымен, отты сөндіруге тырыстық», – деді Жетісу ауданы №12 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі Нұрсұлтан Ізтілеуов.
100-150- тонналық жанармай толы резервуарлар маңындағы өртті жақыннан өшіру мүмкін болмады дейді мамандар. Өйткені жарылу қаупі тым жоғары болыпты. Мұндайда бригада алыстан атқылау тактикасын қолданады.
«4 мамыр сағат 20.10-да 101 нөміріне жанар-жағармай құю цистернасының жанып жатыр деген ақпарат келіп түсті.
Сондай-ақ көршілес цистерналарға қаупі бар деп хабарланды», – деді Жетісу ауданы ТЖБ бастығы Арман Макенов.
Мамандар өрттің шығуына қауіпсіздік ережелері сақталмауынан деген болжам жасап отыр.
Жетісу ауданындағы Ангарская 97А мекенжайындағы өндірістік аймағына қатысты қазір тергеп-тексеру басталды. Нақты себебін арнайы комиссия анықтайтын болады.
Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» теларнасы