Көліктің орнына қайық сатып алу керек: Астанада суды соруға 100-ден астам техника жұмылдырған

Көліктің орнына қайық сатып алу керек: Астанада суды соруға 100-ден астам техника жұмылдырған

Әкімдік өкілдері мәселе бірер жылда шешілмейтінін айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Көліктің орнына қайық сатып алу керек». Толассыз жауған жаңбырдан кейін астаналықтар көшеге шыға алмай, көлік қозғалысы қиындаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл - жыл сайын қайталанатын көрініс. Жаз, көктем, күз түссе болды, елордалықтар жаңбыр жаумағанын тілейді. Себебі көшеге шыға алмай қалады.

– Секіріп жүрміз. Аяқ су болады. Басқа амал жоқ, – дейді қала тұрғыны Дәулетбек Бидахметұлы.

– Қайта биыл жазда жаңбыр аз жауды, – дейді тағы бір тұрғын Шолпан Байысова.

– Қайық сатып алу керек сияқты. Көлік сатып алуды армандап едік,  енді қайық алу керек. Жаңбыр жауған сайын берекеміз қашады. Көшеге шыға алмай қаламыз, – деді қала тұрғыны Омар Тұраев.

Жауыннан соң бас қаланың «Венецияға» айналып шыға келетінін ардагер құрылысшы жобалау кезіндегі қателік деп түсіндірді. Архитектор 20 жыл бұрын қаланы тұрғызуға бір кісідей атсалысқан. Астана тегіс жерде орналасқандықтан, кәріз жүйесінде проблема шығып жатқанын алға тартты. Түйткілді түбегейлі жою үшін жобаны қайта қарау қажет көрінеді.

– Алматыда 100 метрге 3 метр, ал мұнда 32 км-ға – 28 метр. Жаңбыр жауса, су кететін жер жоқ. Инженерлік сумен қамтамасыз ету жобасын қайта қарастыру керек, – деді құрылысшы, Қазақстанның құрметті азаматы Нұрмақан Тоқаев.

Соңғы 1 тәулікте Астанада айлық жауын-шашын мөлшері бір кеште жауды. Көшедегі суды соруға 100-ден астам техника жұмылдырылды. Қала билігі биыл жерүсті ағындарын бұру үшін 2 жарым шақырым магистральдық нөсерлі кәріз желісін салу жоспарланғанын айтты. Осылайша, астаналықтардың мәселесі біртіндеп шешілмек.

– Биыл «Нұрлы жол» вокзалы мен Қорғалжын Солтүстік тасжолының ауданында кәріздік тазарту құрылыстарының екі кешенін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұдан су жинау көлемі 20 пайызға артады. Осыдан 3 жыл бұрын қалада 250-ге жуық проблемалық нысан бар еді. Бүгінде олардың 23-і қалды. Оның жартысын биыл жоямыз, – деді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Қазір құрғап тұрған бұл көше жауын жауса болды, көлге айналып шыға келеді. Халық арасында тіпті Астана жаңбыр жауса «Венеция» аталып кеткені де бар. Ал әкімдік өкілдері мәселе бірер жылда шешілмейтінін айтты.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров