Науқастар әлі жан сақтау бөлімінде жатыр
Алматыда құдыққа түсіп уланған жанармай бекетінің үш қызметкері есін жиды. Бұл туралы Алматы облыстық көпсалалы клиникалық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Майра Әлімбетова айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Дегенмен, науқастар әлі жан сақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары қалыпты түрде ауыр. Азаматтар ертең профильді бөлімге ауыстырылады.
«Метан газы миды, өкпені бауырды, бүйректі зақымдайды. Тыныс жолдары арқылы кіріп, қанға сіңеді. Қазіргі таңда осы науқастарда ми мен бауырдың зақымдану белгілері бар. Бірақ бұл жағдайлар қайта қалпына келеді. Қазіргі таңда өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ», – Алматы көп салалы клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Майра Әлімбетова.
Еске салайық, кеше кешке Медеу ауданында жанармай бекетінің үш қызметкері құдыққа есептегіш көрсеткіштерін алу үшін түсіп, белгісіз газбен уланған еді. Оларды төтеншеліктер, полицейлер мен жедел құтқару қызметінің мамандары шығарып алған еді. Азаматтар дереу жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді.