Өрттің неден шыққаны анықталуда
Абай облысы Үржар ауданында Алакөл жағасындағы демалыс базасында болған өрт 5 сағат бойы сөндірілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
«Алакөл жағасындағы демалыс базасында алдын ала есептелгендей 3 мың шаршы метр аумақ өртенген. 4 демалыс орны бүлінді. Бір-біріне жалғап салынған ағаш үйлерге өрт жылдам тарады. Оның үстіне қатты жел де өртті сөндіруге кедергі келтірген. 5 сағат 40 минутқа созылған алапат өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаменті және полиция, жергілікті органдардан келген 186 адам мен 29 техника жұмылдырылды. Өрттен зардап шеккен 7 адам медициналық көмекке жүгінген. Алайда олар ауруханаға жатудан бас тартқан», - делінген Абай облысының ТЖД баспасөз қызметі хабарламасында.
Қазір қызыл жалынға оранған 3 мың шаршы метр аумақ толығымен сөндіріліп, бақылауға алыныпты. Ал далада қалған өзге демалушылар кәсіпкерлердің көмегімен басқа базаларға орналастырылып жатыр.
«Аудан әкімінің төрағалығымен арнайы штат құрылды. Бүгінде жағдай қалыпты. Барлық база қалыпты жұмыс атқарып жатыр», – деді Үржар ауданы әкімінің орынбасары Дидар Хамитов.
Қазір Алакөл демалыс аумағында өрттің шығу салдары мен шығын көлемі анықталып жатыр.
Мерей Қанапиянов, «Алматы» телеарнасы