Таразда тұрғындарды эвакуациялауға арналған 400-ден астам орын дайындалды

27.08.2021 13:01

Қосымша 1000-ға жуық орын дайындау мүмкіндігі қарастырылған

Жамбыл облысының әкімінің facebook парақшасынан

Қазіргі таңда Байзақ ауданындағы жағдай толықтай бақылауға алынды. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өзінің facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өңірдің төтенше жағдайлар, құқық қорғау және медицина саласының өкілдері барынша жұмылдырылды.

«Апат орын алған аумақтан эвакуацияланған тұрғындарға арналып, облыс орталығынан 400-ден астам жатын орын дайындалған. Қосымша 1000-ға жуық орын дайындау мүмкіндігі қарастырылған. Жарылыс зардаптарын жою және эвакуацияланған тұрғындарды керек-жарақпен, ыстық тамақпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Менің басшылығыммен құрылған жедел штаб барлық қажетті шараларды атқаруда», – деп жазды Сапарбаев.

Оның айтуынша, зардап шеккендер Тараз қалалық және аудандық ауруханаларға жеткізіліп, медициналық көмектер көрсетілуде.

«Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрлерімен бірлесіп, тиісті шешімдер қабылдануда. Баршаңызды тек қана ресми мәліметтерге сенуге, жалған ақпараттарды таратпауға шақырамын», – деді Жамбыл облысының әкімі.