Оралда мектеп өртеніп кетті

03.10.2023 в 13:13

Өртке 3 ранг беріліп, оқиға орнына ТЖ департаментінен 48 адам және 9 техника жетті

БҚО ТЖД

Орал қаласында бір қабатты өнер мектебінің төбесі өртенді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 2 қазан Деркөл кентінде болған.

«Сағат 17:46-да Н.Башмаков көшесі 6-мекенжайда 5 қабатты тұрғын үйге жапсарлас орналасқан №1 өнер мектебі ғимаратының шатырында рубероидты төсеу кезінде газ қоспасы жарылған (қираусыз). Жалын шамамен 40 шаршы метрді шарпыған. Өртке 3 ранг беріліп, оқиға орнына ТЖ департаментінен 48 адам және 9 техника жетті. Оқиға орнына жеткен кезде 3 ранг расталмады, департаменттен 9 адам 2 техника жұмыс істеді. Олардың жедел әрекет етуі нәтижесінде өрттің өршуіне жол берілген жоқ. Зардап шеккендер жоқ. Тілсіз жау сағат 18.00-де оқшауланып, 18:15-те ауыздықталды. Келтірілген шығын, өрттің шығу себебі анықталу үстінде», - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 175 тонна пішен өртеніп кеткенін жазған болатынбыз.